Жасөспірімнің өліміне ұялы телефон себепкер болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімнің өліміне ұялы телефон себепкер болды

29.09.2020

Жасөспірімнің ажалы ұялы телефоннан болды. Алматы облысында 15 жастағы оқушы қуатталып тұрған смартфоннан тоқ соғып, көз жұмды. Оқыс жағдай Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында болған. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары басталды. Ал 10-сынып оқушысының қазасы туралы оның әкесі баяндап берді. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
-Қайғылы оқиға Қарғалы ауылындағы дәл мына үйде болған. Осы шаңырақтың тұрғыны Әділхан Ақерке түнгі 10-дар шамасында телефонын қуаттағышқа қосып, құлаққап арқылы сыныптасымен сөйлесіп отырған. Кейін ұялы телефон өртеніп, тіпті қатты тоқтың салдарынан құлаққабы да жарылып, қыз баланың беті мен қолының бір бөлігі күйіп қалыпты.

Ақеркенің өз бөлмесінде жан тапсырған күйінде жатқанын алдымен әпкесі байқапты. Кейін әкесі дереу жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына тез арада жеткенімен бойжеткен тоқ соққан бойда тіл тартпай кетіпті.

Ақылжан Өмірбаев, Ақерке Әділханның әкесі: 
- Өзінің бөлмесіне кіріп кеткеннен кейін әпкесі бірге дастархан жинайық деп тұрғызайын десе, тұрмайды. Телефоны балқып кеткен. Тоқ миынан жүрегіне бір-ақ кеткен. 

Қабырғасы қайысқан әке қызының өліміне сапасыз қуаттағыш себеп деп отыр. Сондықтан, өзгенің басына мұндай сынақ бермесін деп, көпшілікті сақтануға шақырды.

Ақылжан Өмірбаев, Ақерке Әділханның әкесі: 
-Зарядкадан да үлкен тоқ кетеді екен.

Ақерке - отбасының екінші перзенті. Қарғалы ауылдық орта мектебінің 10-сыныбында оқып жүрген. Ұстаздары оны үлгілі, озат оқушы ретінде еске алып отыр. 

Айгүл Ражаева, Қарғалы ауылдық орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: 
-Ақерке біздің белсенді оқушымыз еді. Әр іс-шараға белсенді қатысатын. 

Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Жасөспірімнің телефоны мен қуаттау құрылғысы сараптамаға жіберілді. Ал қыршыннан қиылған Ақерке Әділхан кеше жер қойнына тапсырылған.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу