БҚО-ның Жаңақала ауданында қуаңшылықтың салдарынан мал қырылып жатыр. Өйткені суы тартылған өзен-көлдерде төрт түлік балшыққа батуда. Ал аудан басшылығы су тапшылығын өз күшімен шеше алмайтынын айтады. Ми батпақтан малды шығарудың өзі мұң. Әсіресе күні-түні далада жүретін жылқылар балшыққа белшесінен батып, арам өлуде. Осылайша аудандағы арнасы кепкен өзен-көлдер мал моласына айналып отыр. Салдарынан тұрмыс-тірлігі төрт түлікке қараған тұрғындар зар илеуде.
Жеңісбек Ахметов, Жаңақала ауданының тұрғыны:
-Судың жағдайы мынау, көккімбек балшық. Малымыз батады. Ішетін малға бір апталық су қалды деп есептеуге болады. Соңғы 2 жылдан бері көріп жатқанымыз осы. Жоғарыдағы адамдардан көмек сұраймыз. Мыңдаған мал осы балшыққа батып қырылатын жағдайы бар.
Әділбек Жанболатов, Жаңақала ауданының тұрғыны:
-Мал ішетін су жоқ. Малшыларымыз күнде мал батып жатыр деп хабарласады.
Нормативке сай аудан жыл ішінде 330 млн текше метр суды тұтынуы тиіс. Алайда соңғы жылдары сол мөлшердің жартысы ғана жетуде. Себеп Жайықтан келетін судың азаюы, Қара және Сары өзендердің тартылуы, - дейді аудан әкімі.
Наурызбай Қарағойшин, Жаңақала ауданының әкімі:
-Ауданда 16 үлкенді-кішілі көлдеріміз болды. Осы 3 жылдың ішінде қазір тек екі-ақ көл қалды. Қалған көлдердің барлығы құрғап болды. Облыс көлемінде де, республикалық деңгейде де бұл мәселе 3 жыл бойы көтеріліп келе жатыр.
Алайда әзірге еш нәтиже жоқ. Халықты зар жылатқан мәселе қашан шешілмек? Айдың-күннің аманында төрт түлігінен айырылып, сорлағандарға қолдау бола ма? Аудан тұрғындарын осы сауалдар мазалайды.
Рауан Диәли