Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева санитарлық талаптар сақталмаса, қатаң карантиндік шаралары қайта енуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бас санитар халықты бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.
«Бүкіл әлемдегі коронавирустың эпидемиологиялық жағдайын ескеру қажет. Бізде бұл талаптар еленбей, сақталмай жатыр. Егер осылай жалғаса берсе, жағдай ушығуы мүмкін. Онда белгілі бір қызмет түрлерін тоқтатып, қатаң шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Бүгінде елорда бойынша тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелері карантин талаптарын сақтамай отыр. Мәселен, Есіл ауданындағы Тұран даңғылында орналасқан Auraclub Alanya жазғы кафесі бар түнгі клуб шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Карантин енгізілгеннен бері кәсіпкерлік нысандарға жалпы сомасы 122 миллион 526 428 теңгені құрайтын 550 айыппұл салынды.
Айгүл Абуталапқызы, Нұр-Сұлтан