Елімізде құс тұмауы өршіп барады. Бүгінгі күнге дейін 7 облыста үй құстары қырылып, біраз елді мекендерге карантин енгізілді. Қазір республикалық эпизоотияға қарсы күрес жасағы, жергілікті ветеринарлар ауру ошағы анықталған жерлерде алдын-алу жұмыстарын жүргізуде. Карантин жарияланған ауылдарда мамандар үй құстарын жаппай жоюда.
Солтүстік Қазақстанның 11 ауданындағы 39 елді мекенде 197 мыңнан астам құс қырылған. Оның 15 мыңы жеке меншіктікі болса, қалғаны құс фабрикасына тиесілі. Облыс бойынша қазір 18 ауылда карантин енгізілді. Тағы 10 елді мекенде құстардың өлекселері алынып, зертханаға жіберілген. Мамандар карантин жарияланған ауылдардағы құстарды түгел жойып жатыр.
Марат Әбілов, Қызылжар ауданының бас ветеринарлық инспекторы:
-Бәрін санап аламыз. Сосын акт жасатып, шығынын өтеуге құжаттарын документтерін жібереміз.
Қарағандының Нұра ауданына қарасты 3 бірдей ауылда карантин жарияланды. Изенді, Тассуат, Жарасбай елді мекендеріндегі қырылған құс саны 144-ке жетті. Облысқа 100 мың вакцина жеткізілген. Екпе салу жұмысы тек Нұра ауданы емес, құс фабрикалары шоғырланған Абай, Бұқар жырау және Осакаров аудандарында да жүргізіліп жатыр. Карантин жарияланған ауылдарда эпизоотияға қарсы күрес жасақтары құстарды жаппай жоюда.
Марат Мұхтаров, Облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы:
-Республикалық эпизотиялық жасақ ережеге сәйкес өз жұмысын атқарып жатыр. Ол жерлерде санитарлық бекеттер қойылған. Міндетті түрде құстар иелерінен алынып жойылады. Қарағанды облысында бүгінгі күні 7 құс фабрикасы бар. Оларда ешқандай құстардың қырылуы жоқ.
Ақмола облысында тағы 3 ауданда құстардың өлуі тіркелді. Осылайша, аймақта қырылған үй қанаттыларының саны 1100-ден асты. Өңірде 5 күнде 113 мыңнан астам үй кұсына екпе жасалды. Облысқа барлығы 510 мың доза вакцина бөлінген. Ал карантин жарияланған Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында құстарды жою аяқталды.
Талғат Жүнісов, Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
-Сол құртылған бастың саны - 651. Ауылда қазір тірі құс жоқ. Осы уақытқа дейін шаралар бойынша 36 аулада дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Құс тұмауы Қостанай облысында да өршіп тұр. Арқалықтағы құс фабрикасы қазір карантинге жабылған. Мұндағы 502 мың тауықтың 400 мыңнан астамы қырылды. Бұдан бөлек қала маңындағы Фурманов, Целинный ауылдарында да үй құстары қырылып жатыр. Қазір өлген құстардан сынама алынып, зертханаға жіберілген. Айта кету керек, 7 өңір бойынша карантин жарияланған елді мекендерде жойылатын құстардың өтемақысын арнайы комиссия алдағы уақытта есептеп шығаратын болады.