Қызылордада қала күніне орай бірнеше нысан ашылды

28.09.2020

Сырдың бас шаһарына - 202 жыл. Қызылордалықтар үшін айтулы күн қуанышты шаралармен айшықталды. Қалада 600 орындық мектеп-лицей ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, «Сыр ана» алаңы қайта жаңғыртылып, Назарбаев даңғылында адам өмірінің арашасы дәрігерлердің құрметіне аллея ашылды. Жаппасбай батыр ықшам ауданынан бой көтерген білім ордасы көптің көңілінен шығатындай-ақ. Үш қабатты зәулім мектептің ерекшелігі мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де білім алуға мүмкіндік бар. Ғимартқа лифт орнатылып, жүріп-тұруы қиын оқушылардың қозғалысына бар жағдай жасалған. Жаңа лицей жаратылыстану бағытында терең білім беретін болады.

Толқын Жұмағұлова, мектеп директоры: 
-Осыған дейін оқушылардың барлығы қала орталығындағы мектеп-лицей, мектеп-гимназияларға барып келген болатын. Ал қазіргі күні олар өтініш беріп осы мектепке оқығалы отыр.

Айшықты күні қаланың қақ төрінен субұрқағы себелеп, жасыл желекпен жайқалған дәрігерлер аллеясы ашылды. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жан алысып, жан беріскен медицина қызметкерлеріне қызылордалықтардың құрметі бұл. Ал облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова денсаулық сақшыларына жаңа пәтердің кілттерін табыстап, зор қуанышқа бөледі.  

Ғалымжан Қоразов, дәрігер-кардиолог:
-Еңбегіміз еселеніп пәтер беріліп жатыр. Оған көптен-көп рақмет.

Биыл шаһардың символына айналған Сыр ана монументінің айналасы абаттандырылып, демалыс орны жаңа кейіпке енді. Мерейлі мерекеде аймақтың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтарға Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 

Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда бүгінде сәулеті дәулетіне сай әсем қалаға айналды. Сырдың сол жағалауында жаңа шаһардың құрылысы қызу жүруде. Тыңнан түрен салынған жерде көпқабатты 4 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 200 отбасы қоныс тойын тойлады. 

 Ә.Серікұлы



Хабарламаларға жазылу