Қарағанды облысында 3 ауыл карантинге жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 3 ауыл карантинге жабылды

28.09.2020

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты 3 бірдей ауылда құс тұмауының өршуіне байланысты карантин жарияланды. Осыған дейін Тассуат, Изенді ауылдарында тауық пен қаз қырылған. Енді Жараспай ауылынан да шықты. 

Соңғы екі тәулікте қырылған үй құсының саны тағы 40-тан асқан. Ауру негізінен жабайы құстардың өлексесінен тараған деген болжам бар. Мамандар көл-тоғандардың маңын тексеруде. Әзірге ештеңе таппаған. 

Қазір облысқа 100 мың вакцина жеткізілді. Профилактикалық екпе салу жұмысы тек Нұра ауданы емес, Абай, Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жүргізіліп жатыр. Ал карантин жарияланған ауылдарға эпизоотикалық жасақтар келіп, құстарды жаппай жою жұмыстарына кіріскен. Ережеге сай, үй құстарының өтемақысын арнайы комиссия есептеп шығарады.

Марат Мұхтаров, облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы :
Республикалық эпизотиялық жасақ өз жұмысын атқарып жатыр ережеге сәйкес. Ол жерлерде санитарлық бекеттер қойылған. Міндетті түрде құстар иелерінен алынып жойылады. Қарағанды облысында бүгінгі күні 7 құс фабрикасы бар. Оларда ешқандай құстардың қырылуы жоқ.

Ақмола облысында тағы 3 ауданда құстардың өлуі тіркелді. Осылайша аймақта қырылып қалған қанаттылар саны 1100-ден асты. Құстарға вакцина салу жүріп жатыр. 5 күнде 113 мыңнан астам үй кұсына екпе жасалды. Облысқа барлығы 510 мың доза дәрі бөлінген. Сондай-ақ карантин жарияланған Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында құстарды жою аяқталды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу