Ұзынағаш ауылында 100-ден астам отбасы ауыз су мен жарықсыз отыр

25.09.2020

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 100-ден астам отбасы ауыз су мен көгілдір отынсыз отыр. Әкімдіктің құрғақ уәдесінен мезі болған Жамбыл ауданы орталығының тұрғындары тіпті таза ауа мен сапалы жолға зармыз дейді. Бұған қоса, электр жарығы да бір күн болса, бір күн болмайтын көрінеді. Осылай деп бас көтерген жергілікті тұрғындардың наразылығын тілші Нұрхан Нұрланұлы тыңдап қайтты. 

Ұзынағаш іргесіндегі жер телімдері 2013 жылдан бастап беріліп, баспаналар бой көтере бастаған. Алайда, халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. 7 жыл бұрын берілген уәденің бірде-бірі іске аспады, дейді тұрғындар. Көгілдір отын кіргізу үшін 35 тұрғын 340 мың теңгеден жинап бергенімен, арада айлар өтсе де бір де бір құбыр тартылмаған. 

Ауыл шетіндегі 130-дай үйге жалғыз трансфарматордан электр тоғы келіп тұр. Оның өзі жекеменшікке өтіп кеткен. Сондықтан, электр қуаты үшін әдеттегідей 16 емес, 28 теңге төлейтіндерін айтады. Оған қоса Нұралхан Қабдыәшім жарықтың жиі сөнуінен мектепті онлайн оқып жатқан балам білімнен құр қала ма деп алаңдаулы.

Нұралхан Қабдыәшім, ауыл тұрғыны:

-Кейде жылап сотканы лақтырады. Ұстамады мынау,өшіп қалды дейді. Не істеймін мен енді? Маған да амал жоқ.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

-Ауылға ауыз суы тартылмағандықтан тұрғындар үйлерінен өздері қазып алып, лас су ішуге мәжбүр болып отыр. Лас дейтін себебіміз елді мекеннен небәрі 500 метр қашықтықта мінекей осылай кәріз суы төгіледі. Бірнеше жылдан бері төгіліп көлшікке айналған. Онымен қоймай маңайынан осындай тағы бірнешеуін дайындап қойыпты. Ал қолқаны қабатын иіске шыдау мүлдем мүмкін емес.

Әбдусаид Ергешов, ауыл тұрғыны:

- Кешке терезені жауып отырамыз. Есікті аша алмаймыз. Ол иіске адам шыдап болмайды.

Кәріз суын төгу үшін Алматы-Бішкек тас жолының төменгі жағынан 127 гектар жер бөлінген. Алда оны Ұзынағаш іргесінен көшіру жұмыстары қолға алынады. Ал ауылға жол салу үшін алдымен ауыз су жүйесін жүргізу керек. Оның тек жобасын жасауға 146 миллион теңге қаражат қажет, - дейді әкімдік өкілдері.

Ержан Жұртшиев, Жамбыл ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Бастапқы 5 миллион қаржысы өткен сессияда бөлінді. Қазан айынан бастап іздестіру жұмыстары жүргізіліп, 2021-2222 жылдарға құрылыс жұмыстарын жүргіземіз деген ойымызда бар.

Жергілікті әкімдік жарықтандырудың келесі кезеңінде соңғы салынған барлық баспана қамтылады деп сендіріп отыр. Бірақ, қашан екені белгісіз. Сондықтан өркениеттің игілігінен құр қалған ауыл тұрғындарына күтуден басқа әзірше амал жоқ.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу