Шымкентте карантин 12 қазанға дейін ұзартылады

25.09.2020

Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантиндік шектеу шаралары 28 қыркүйектен әрі қарай 12 қазанға дейін созылады. Шаһардың бас санитары қол қойған қаулыға сәйкес той-томалақ, басқа да көпшілік жиналатын жиындарды өткізуге салынған тыйым әрі қарай жалғасады. 

Сондай-ақ тұрғындар маска тағу талабын және көпшілік шоғырланатын жерлерде 2 метр арақашықты сақтауы тиіс. Жасы 65-тен асқан азаматтардың сыртта жүріп тұруына де шектеу қойылған. Сонымен қатар қаулыда мемлекеттік мекемелерде, кәсіпкерлік нысандарында кеңсе жұмыскерлерінің тең жартысын қашықтан жұмыс істеуге көшіру талабы жазылған. Адам көп жиналатын халыққа қызмет көрсету орындары, базар, дүкендерде дезинфекциялық шараларды ұдайы жүргізуі қажет.  

Қостанай облысында да шектеу шаралары жалғасады. Аймақтың бас санитар дәрігерінің 48-ші қаулысына сәйкес адамдар көп жиналатын мәдени көпшілік және отбасылық шараларды өткізуге болмайды. Сонымен қатар тұрғындар барлық қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты және маскалық режимді сақтауы тиіс. Ал демалыс күндері азық-түлік және басқа да тауар түрлерін сататын базарлардың жұмысы тоқтатылады. 

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу