Алматыда су басу қаупі бар 17 аймақ анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда су басу қаупі бар 17 аймақ анықталды

24.09.2020

Алматыда су басу қаупі бар 17 аймақ анықталған. Синоптиктер биылғы күз айларында жауын-шашын мөлшері жылдағы нормадан жоғары болады деп болжап отыр. Сондықтан қалалық әкімдік жаңбырлы маусымға ертерек қамданғанын айтады. Мегаполисте 500 шақырымға тарта арық жүйесі салынып, өзен арналары тазартылуда. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Қалада тоқтаусыз жауын жауса, асау су арықтардың ернеуінен асып немесе арықтың тарлығы екпінді суға шыдас бермей көшелер мен үйлердің ауласын су басып қалып жатады. Ал кей аудандарда болған төтенше жағдайға су арналарының мынадай тұрмыстық қалдықтарға толуы себеп дейді мамандар.

Әр ауданда күнделікті арықтарды тазалау және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Ал арықсыз қалған 17 аймақ алдағы екі жыл ішінде толық қамтылады», - дейді әкімдік өкілдері.

Мұрат Жексенбаев, Қалалық жасыл экономика басқармасы стратегиялық даму және су объектілерін басқару бөлімінің басшысы:

- Сметалық жоба жасап жатырмыз. Жоба жыл аяғына дейін дайын болса, бірінші кезекте сол 17 участоктен бастаймыз. 

Әкімдік арықтар санын арттырып, қауіптің алдын алып жатса, урбанист мамандар арық жүйесін мүлдем өзгертуді ұсынып отыр. Айтуларынша, су арналары жаңбыр суын ағызып әкететін кәріз функциясын атқара алмайды. Олардың бұл ұсынысы әкімдікте талқыланып жатыр.

Диас Маратұлы, «Урбан форум» өкілі:

- Тарихқа келетін болсақ, арықтар Алматыда ағаштарды суару, қалаға су әкелу, қаланың терморегуляциясын реттеу үшін, ауаны ылғалдандырып, суытып тұруға арналған болатын. Ал қазір мүлдем өзгеріп кетті. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, соны Алматыға енгізу керек деп отырмыз.

Синоптиктер Алматыда алдағы бір айда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп болжап отыр. Жыл басынан бері мегаполисте көшелер мен тұрғын үйлер ауласын су басудың 51 дерегі тіркелген. Осыны ескерген төтенше жағдайлар департаменті жаңбырлы маусымға дайынбыз дейді.

Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД ресми өкілі:

- Әртүрлі бағыттағы техникалары дайын тұр. 13 мың құм қапшығы дайын тұр. Оған қоса 70 тоннаға жуық инерттік материал дайын. 

Биыл төтеншеліктер қаладағы 500-ден астам нысанда су басу қаупін жойып, 40 шақырым өзен арнасын бекіткен. Егер сел жүріп, жаңбырдан қауіп төнсе, бұл аймақтарға алдын ала арнайы техникалар мен мамандарды жібереміз деп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу