Түркияда Абай атындағы саябақ ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Абай атындағы саябақ ашылды

25.09.2020

Түркияда Абай атындағы саябақ ашылды. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ерекше саябақтың ашылуына Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Анталияның Мұратпаша ауданы әкімдігі мұрындық болған. Бұдан бөлек парктің кіреберісіне ақынның барельефі де орнатылды. 

Салтанатты шара Абайдың бейнесі бедерленген барельефті ашумен басталды. Қазақы дәстүрге сай апалар шашу шашып, ал Қазақстанның Түркиядағы елшісі осы іске қолдау көрсеткен Анталияның Мұратпаша ауданы әкіміне шапан жапты. Бұдан соң құттықтау сөздер сөйленіп, саябақтың ашылуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Келген қонақтарға Абай еңбектері туралы жан-жақты мағұлмат да берілді.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Түркі әлемінің ұлы перзенті Абай - қазақ халқының темірқазығы. Ол өзінің шығармалары арқылы қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың өркендеуіне үлес қосты. Бүгінгі шара түркі халықтарының бірлігінің белгісі деуге болады. Абайдың 175 жылдық мейрейтойының құрметіне осы саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен бауырлас елге алғысымды білдіремін.

Бұдан соң қазақстандық өнерпаздар Абайдың ән-күйлерін орындап, жиылған көпшіліктің құрметіне бөленді. Әсіресе, қазақша ән шырқаған жас өрендерге көрермендердің ықыласы ерекше болды. «Қазақтың бас ақынын Түркия халқына таныту жолында қолымыздан келген көмекті аямаймыз», - деді Мұратпаша ауданының әкімі. 

Үміт Уйсал, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының әкімі:

- Абайдың барельефі мен саябағын Мұратпаша ауданында ашу арқылы, ұлы ақынды ұмытпай, Анталия тұрғындарына таныстыруды мақсат еттік. Өткен бабаларымызды құрметтеу арқылы біз болашақ ұрпаққа да дұрыс бағдар береміз. Екі ел арасындағы ынтымақ тереңдей беретініне сенемін.

Абай атындағы саябақты ашу бастамасын көтерген Анталия қаласындағы Еуразия халықтары достық пен мәдениет қауымдастығы. Осы ұйымның төрайымы Ақмарал Ғабдиева бүгінгі шара айлар бойы еткен еңбектің жемісі дейді. Ал Абайдың 175 жылдығы аясында бұдан да бөлек шаралар жыл бойы ұйымдастырылмақ.

Айдос Әшімұлы, тілші: 

- «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Қалың қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды әспеттеген Абайдың аты берілген саябақ қазақ-түрік достығын нығайта түсуге арналған тағы бір белгі іспетті. Анталия қаласының дәл орталығында орналасқан, кіреберісінде Абай бейнесі бедерленіп, қара сөздері жазылған бұл саябақ қала халқының жиі келіп демалатын жері болары сөзсіз. Бұған дейін осыған ұқсас саябақтар Анкара мен Стамбулда да ашылған еді.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу