Қарағанды облысында жылына 600 мың тонна зиянды қалдықтар ауаға таралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жылына 600 мың тонна зиянды қалдықтар ауаға таралады

23.09.2020

Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындар жыл сайын ауаға 600 мың тонна зиянды қалдықтарды таратады. Соның 90 проценті өңірдегі қос өндіріс алпауыты «АрселорМиттал» мен «Қазақмысқа» тиесілі. Бұл туралы облыс басшылығы, Экология министрлігі, компаниялар өкілдері мен қоғам белсенділері қатысқан жиында мәлім болды. Ал өндірістік зиянды қалдықтардың зиянын жергілікті тұрғындар тартып отыр. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің айтуынша, өңірде әр 100 мың адамның 237-і онкологиялық ауруға шалдыққан. Әсіресе Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларының тұрғындары онкологиялық кеселдің зардабын көп тартуда. Енді министрлік пен жергілікті билік бірлесе отырып өңір экологиясын жақсартудың жол картасын әзірлейтін болды. 

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Жезқазған мыс балқыту зауытындағы күкірт қышқылы цехында қондырғылар, сүзгілер ескірген. Олар 30 жылдай қолданыста болған. Балқаштағы зауытқа қатысты да кейінгі кезде шағымдар жиіледі. Кәсіпорында сүзгілері дұрыс жұмыс істемейді. Жаңадан жабдықтау күн тәртібінде тұр. 

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

-Бүгінгі таңда Үкімет өңірдегі қос ірі кәсіпорын жұмысын газға көшіру жөніндегі бастаманы қолдап отыр. Екі компания да жақын арада «Қазтрансгаз» компаниясымен көгілдір отын көлемі мен бағасы жөнінде келісімге келеді деп үміттенеміз. Егер жоба жүзеге асса, облыстың экологиялық ахуалы анағұрлым жақсара түседі. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу