Ақтауды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде

23.09.2020

Ақтауда Тәуелсіздік алғалы бірде-бір рет жөнделмеген шағын аудандарда ауқымды абаттандыру жұмыстары басталды. Көлік және жаяу жүргінші жолдары жаңадан төселіп, спорт және балалар ойын алаңдары қайта жаңартылып жатыр. Осы мақсатта ел қазынасынан 3 млрд-тан астам теңге бөлінген. Ал жұмысқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық адам тартылды.  

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек тапқандардың бірі - Маркс Игілманов. Ол төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылып, 3 ай бойы табыссыз отырды. Қаланы абаттандыруға жұмыспен қамту орталығы арқылы шақырылып, алғашқы жалақысын да алды.  

Маркс Игілманов, жұмысшы:

- Асфальт жасап жатырмыз халыққа жағдай жасап. Осы жерде жұмыс істеймін. Айлығымыз 150 мыңнан асады. Жағдайымыз жақсы.

Қала бойынша жөндеу жұмыстары 6 шағын ауданда жүргізілуде. Барлығы 268 мың шаршы метр көлік және жаяу жүргінші жолы төселеді. Көркейген аула мен жаңа алаңдарды көрген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. 

Адиля Абдуллаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Мен өте ризамын. 70-жылдан бері жөндеу жүргізілмеп еді. Жаңбыр жауса балшықтан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Қазір жолдың бәрін асфальттады.

Алма Серікқалиқызы, Ақтау қаласының тұрғыны:

- 94-жылдан бері осы 26-шағын ауданда тұрамын. Балалар алаңын жасап берді. Рахмет көп-көп.

Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындардың ұсыныстары да ескерілуде. Соған сәйкес, қосымша ойын алаңдарын салу жоспарда. Сондай-ақ, жөндеуді қажет ететін тағы 4 шағын ауданның жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.  

Ерғали Іскендіров, Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Республикалық деңгейде қойылып отырған талап - жұмыс көзін ашу. Мына тұрғындарды жұмысқа тарту. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жасалып жатқаннан кейін қазіргі таңда 6 шағын аудан бойынша 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. 

Ақтауда сондай-ақ орталық көшелердегі 200-ге жуық көпкабатты үйдің қасбеттерін бояу жұмыстары жүріп жатыр. Оған мемлекеттік бағдарлама аясында 40 адам жұмысқа тартылды. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу