Түркістан облысында екінші деңгейлі банктер қызметінің қолжетімсіздігі кәсіпкерлерге бөгет болып отыр. Өңірде ашылған бірқатар банк бөлімшелері тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетумен шектеледі. Тіпті мемлекеттік бағдарламамен қолдау көрсететін «Даму» қаржы институты да бір аптадан кейін Шымкентке көшіп кеткен. Бүгінде тек екі банк қана заңды тұлғаларға несие беріп, қаржылық операциялар жасауда. Бұл мәселе Түркістан облысы болып бөлінгеннен, яғни екі жылдан бері шешілмей келеді. Несие алмақ болған немесе мемлекеттік бағдарламалармен қаржы алғысы келетін кәсіпкерлер Шымкент қаласына сабылуға мәжбүр. Аталған проблема әсіресе шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге қиын. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені өздері шешіп көрмек болғанымен нәтиже шықпаған.
Үмітай Қуатбай, Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан тоғыз банкке хаттар жолданған болатын. Заңды тұлғаларға қызмет көрсету бойынша филиалдардың ашылуына немесе тіпті менеджерлерді бөлуіне қатысты сұратылған. Алайда осы күнге дейін мәселе шешімін тапқан жоқ. Және тиісті жауаптарды біз ала алған жоқпыз.