Шымкентте сібір жарасын жұқтырғандардың бірі ауруханадан шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте сібір жарасын жұқтырғандардың бірі ауруханадан шықты

23.09.2020

Шымкентте сібір жарасын жұқтырған екі науқастың бірі ауруханадан шықты. Бұл туралы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеді. 

Айнұр Ақбаева, тілші:

- Сібір жарасын жұқтырған екі науқас қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында тиісті емдерін қабылдады. 19 жастағы жігіт ауруханадан шығарылып, медициналық бақылауға алынған. Екінші науқас ауруханада әлі де ем алып жатыр. Бірақ дәрігерлер оның жағдайы жақсы дейді. Сібір жарасын жұқтырған науқастардың бірі 33 жаста, екіншісі 19-да. Олар Сайрам ауданында мал бордақылаумен айналысқан. 28 тамыз күні қолдарына жара шығып, өздерін жайсыз сезінген. Болмаған соң Шымкент қаласындағы жеке клиникалардың біріне медициналық көмекке жүгініпті. Ондағы дәрігерлер жараның жұқпалы болуы мүмкін екенін анықтап, сол жерден қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жіберген. Зертханалық тексерулердің нәтижесі науқастардың сібір жарасын жұқтырғанын растаған. Ауруханаға түскен кезінде екеуінің жағдайы орташа ауыр болған. Олармен 21 адамның байланыста болғаны анықталып, терапиялық емдеуден өткен. Бұл тұрғындардан ауру белгілері расталмаған. 

Балкүміс Мұсаева, Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Ауырған науқастар - туған ағайындылар. Екеуі бір кәсіппен айналысады. Сол фермада ауырған мал фактілері анықталған жоқ.

Айнұр Ақбаева, тілші:

 - Сала мамандары анықталған ошақта жұқпалы аурудың белгілері табылмағанын айтады. Қазіргі уақытта екінші науқас та жағдайының жақсаруына байланысты ауруханадан шығарылуға дайындық үстінде. Бұл жыл басынан бері Шымкентте тіркелген алғашқы жағдай болып отыр. Өткен жылы бір адамның сібір жарасын жұқтырғаны тіркелген болатын. 

Хабарламаларға жазылу