Елордада 50-ге жуық адамның атынан онлайн несие алған алаяқ ұсталды. 40 жастағы азамат қаржы ұйымдарынан тұрғындардың жеке мәліметтерін алып, 200 бен 600 мыңның арасында оларға онлайн қарыз рәсімдеген. Бүгінде заң бұзушы ұсталып, қамауға алынды. Оған 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Алаяқтың арбауына түскеннің бірі – Арман. Бет-әлпетін көрсетпеуді өтінді. Заң бұзушы оның жеке мәліметтерін пайдалана отырып несие рәсімдеген. Кейін түскен ақшаны электронды әмиян арқылы шығарып алған. Ал Арман болса, өз атындағы несиені енді біліпті.
Алаяқтардың алдап-арбау жүйесі де осы. Түрлі сайттарға жұмысқа шақыру жөнінде хабарландыру беріп, халықты тартады. Арасында тіпті сұхбат өткізіп, жұмысқа алатын болып, құжат сұрайды. Кейін сол жеке куәлік, банк шоттары арқылы айласын іске асырады. Тек жыл басынан бері елорданың өзінде интернет алаяқтарына қатысты 67 іс қозғалған.
Саят Дүйсенбаев, Қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бөлімінің қызметкері, полиция майоры:
- Банктік ұйымдарға полиция департаменті тарапынан өзіміздің ұсынысымызды жібердік. Бір кісінің құжаттары дұрыс болмаса, несие бермеулеріңізді сұраймыз деп ол кісілерге ұсыныс жасағанбыз.
Кредитті оңды-солды тарататын шағын қаржы ұйымдарына бүгінде бақылау болмай тұр. Депутат Евгений Козлов сот жүйесінде ондаған жыл қызмет етіп, осындай істердің талайын көрген. Халық қалаулысы бұл жүйеге тосқауыл қою керек дейді. Қаржы ұйымдарының лицензиясын қатаңдату керектігін айтады.
Евгений Козлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елдегі қаржы ұйымдарының несие берудегі жауапкершілігін арттыру керек деп есептеймін. Ешкімді жазаламағасын да заң жұмыс істемейді. Ал алаяқтық, негізінен дәлелдеуі қиын қылмыс. Ол азаматтық-құқықтық істерге жақын болғасын, полиция жәбірленушілерді сотқа бар деп жібереді. Шын мәнінде, бұл полицияның шаруасы. Ал тәртіп сақшылары сөйтіп жүргенде уақытты жоғалтып алады.
Қалай болғанда да, бұл жерде опық жегізіп отырғаны да сол -адамдардың аңғалдығы. Өйткені интернетте жеке мәліметтерді таратпау, мессенджер арқылы ешкімге жібермеу туралы үнемі ескертіледі. Алайда елемейміз. Арман болса, басына түскен істің машақатымен әлі біраз әуре-сарсаңға түспек. Өйткені, ол өзінің кінәсіз екенін мойындау керек.
Фариза Мұсақызы