Якорь құс фабрикасында 180 мың құс әдейі өлтірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Якорь құс фабрикасында 180 мың құс әдейі өлтірілген

22.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысында жағдай күннен-күнге ушығып барады. Қазір өңірдегі 11 ауыл карантинге жабылды. Тағы алтауына қатысты қаулы шығуы тиіс. Республикалық індетке қарсы жасақ қызметкерлері үй-үйді аралап құстың өлекселерін жинап, өртеуге кіріскен. Бұған қоса, ауру ошағы бар ауылдарға арнайы бекеттер орнатылды. Карантин енгізілуіне байланысты ауылдарға бекеттер орнатылды. Бірақ, басындағы қызметкерлер де, полиция да жайбарақат. Бұған жауапты жергілікті атқарушы билік өкілдері салғырт. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Біз қазір құс тұмауының ошағына айналған Якорь ауылында тұрмыз. Бұл жерде ветеринарлық бекет орнатылған. Яғни, арнайы мамандар тіпті полиция көлігі де тұр. Дезинфекциялық барьер орнатылған. Бірақ, аты ғана, арнайы ертініді де құйылмаған. Көліктер айналып өтіп жатыр. Оларды қадағалап отырған полиция да, арнайы мамандар да көрінбейді. 

Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдеріне фабрикаларда құсты әдейі өлтіру фактілері туралы сауал жолдағанбыз. Бірақ ондағылар мұны шындыққа жанаспайды деп жауап берген. Бүгін Якорь ауылындағы ірі құс фабрикасында 180 мың қанаттының өлтірілгені белгілі болды. Ол туралы ресми ақпарат жоқ, тек бізге телефон арқылы фабрика басшысы растап отыр. 

Александр Прядко, құс фабрикасының директоры:  

- 180 мың құсты өлтіру туралы шешім қабылдадық. Жалпы бізде 521 мың құс болған. Қазіргідей жағдайда, індеттің салдары деп мемлекет өтемақы төлеуі тиіс деп ойлаймын. 

Ветеринария басқармасы мамандары кеше індеттен 52 мыңнан аса құс қырылғанын айтқан. Оның 41 мыңы құс фабрикасынікі, 11 мыңнан астамы жеке үйлерден. 

Берік Әлжанов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссия қарап шешім қабылдайды. Әр құсқа орташа нарықтық бағасы бойынша құны төленеді.   

Қазіргі күні арнайы жасақ қызметкерлері құс өлекселерін өртеуге кірісті. Індет ошағын зарарсыздандырып, ауру құстарды басқа жаққа оқшаулауда. 

Сағындық Сәбитұлы   

Хабарламаларға жазылу