Індет Ресеймен шектесетін Меңдіқара, Ұзынкөл және Петропавл облысымен шектесетін Сарыкөл аудандарынан шықты. Осы аталған аудандардағы үш ауылда 200-ден астам үй құстары өлген. Зертханалық сараптама олардың ағзасында құс тұмауы қоздырғыштары бар екендігін көрсетті. Сондай-ақ Арқалық қаласындағы құс фабрикасында да тауықтар өліп жатыр. Бірақ оларға нендей дерт тигені әзірге беймәлім. Осы елді мекендерде сақтық шаралары күшейтілді.
Бауыржан Бекет, «Облыстық ветеринария басқармасы» ММ басшысының орынбасары:
- Өлген құстардың өлекселері жиналып өртелді. Оларды баққан жерлер тазартылып дезинфекцияланды. Үй құстарына вакцина егу жүріп жатыр.
Қарағанды облысының Нұра ауданында да үй құстары баудай түскен. Изенді, Тассуат ауылдарында барлығы 86 бас тауық пен қаз қырылған. Ветеринар мамандар өлекселерден және тірі құстардан сынамалар алып, оны Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберді. Апта соңына дейін қорытындысы шығады. Құстардың неден қырылғаны жөніндегі ақпарат қосымша хабарланады,-дейді мамандар. Айта кету керек, биыл жылдағы жоспар бойынша өңірдегі құс фермалары мен жақын маңдағы ауылдарда 500 мыңға жуық құсқа екпе салынған.
Дәуренбек Әбдібек