8 млн тонна астық Орталық Азия елдері мен Ауғанстан және Қытайға экспортталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 млн тонна астық Орталық Азия елдері мен Ауғанстан және Қытайға экспортталады

22.09.2020

Елімізде Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі баяндады. Бақыт Сұлтановтың айтуынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына көңілі толмайтындардың саны азаймай тұр. Биыл осындай 8 мыңға жуық адамнан шағым түскен. Олардың барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін емес дейді министр. Сол үшін Бақыт Сұлтанов дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құруды ұсынды. Әрі осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдарды біріктіріп, ірі қауымдастық құру туралы да бастама көтерді. Сөйтіп, кеңес пен қауымдастық екі жақтап, тұтынушылардың мүддесін қорғамақ. Премьер-Министр де осы бағыттағы жұмысты жандандыруға тапсырма берді. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Тұтынушылардың құқығын қорғау біздің жұмысымыздың маңызды бағыты. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесін қозғайды. Азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар және туризм сияқты салаларға ерекше мән беру қажет. 

Сондай-ақ Үкіметте егін жинау жұмыстарының қалай жүріп жатқаны қаралды. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл елімізде 18 млн тонна астық жинау жоспарланған. Қазір науқан аяқталуға жақын. Яғни егіннің 93 пайызы жиналды. Ал өнімділік гектарына 12 центнер. Бұл ішкі нарықты қамтуға ғана емес, экспортқа шығаруға да жеткілікті. Сол үшін 8 млн тонна астық Орталық Азия елдері мен Ауғанстан және Қытайға тасымалданбақ. Сол үшін Премьер-Министр егін жинау науқанын дер кезінде аяқтап, оны дұрыстап сақтауға тапсырма берді. Әрі Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің экспорттық әлеуеттін арттыру бойынша жаңа жол картасын әзірлеуі тиіс.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу