Құлсары қаласында демеушілер есебінен салынған екі балабақша жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсары қаласында демеушілер есебінен салынған екі балабақша жабылды

22.09.2020

Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында демеушілер есебінен салынған екі бірдей балабақша, екі жыл өтпей жатып жұмысын тоқтатты. Қос нысанның әрқайсысы «Игілік» бағдарламасы аясында 1 млрд 128 млн теңгеге салынған. Бөбекжайлардың сапасы сыр бергендіктен, жабудан басқа амал қалмапты. 

Балабақшалардың әрқайсысы 290 орынға арналған. Екі бөбекжайдың да сырты бүтін болғанмен, іші түтін. Қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген. Едені де шөге бастаған. Жауын-шашын болса, жертөле бірден кілкіп кетеді. Жер асты суының жиі көтерілуі құрылыстың іргесін мүжіп жіберген. Себебі қос нысан да сордың орнына салынған.  

Жандос Темірғали, тілші:

- Біз қазір «Өркен» балабақшасындамыз. Бұл бүлдіршіндердің жуынатын бөлмесі. Мына қабырға төбеден ажырап кеткен. Салдарынан екінші қабаттағы жарық бері қарай түсіп тұр. 

Айсұлу Кариева, «Өркен - 2» балабақшасының меңгерушісі: 

- Жылдан-жылға қайталануына қарағанда, биылғысы ұлғайып кетті. Бұл жеңіл-желпі жөндеуге келмейді. Шағымдандық. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын келіп жасады. 

Ал, бұл – «Әсем 2» балабақшасы. Мұнда да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, нәтиже жоқ. Едені күннен-күнге отырып барады.  

Рәзия Жұмағалиева, «Әсем - 2» балабақшасының меңгерушісі: 

 -Баспалдақтың астынан басталған жарық, осы жерге дейін жағалап келеді де сосын кіреберіске барады. 

Қалалық билік қателіктің әуел баста жобалаудан кеткенін айтады. Бірақ, нақты қай тараптың кінәлі екені белгісіз. Техникалық сараптама – нысан апатты жағдайда емес дейді. Алайда, мәселенің мән-жайын тереңірек анықтау үшін кешенді тексеріс әлі де жүргізілуде.  

Арай Нұрмаханова, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:  

- Жобалау жұмыстарын жүргізген кезде қателіктер кеткен. Алдағы уақытта жобалау сметалық құжаттары жасақталады. Құжаттамалардан кейін кім жөндейтіні белгілі болады.

Қазір әкімдік тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Уақытша жабылған екі бөбекжайдың кезекші тобындағы бүлдіршіндері өзге балабақшаға ауыстырылды. Құрылыстан шыққан ақаудың нақты қашан қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу