Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 22-24 қыркүйек аралығында қалада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасы өтеді. Бұл науқан жол апаттарының алдын алу және олардың санын азайтуға бағытталған.
Тәртіп сақшыларының басты міндеті - жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды және талаптарды елемейтін жүргізушілерді анықтау. Сондай-ақ жолдың қарсы бетіне шығу, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескендер мен көлікті мемлекеттік нөмірсіз басқарғандарға баса мән берілетін болады.
Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Шара күндері жеке құрам күшейтілген нұсқада қызмет ететін болады. Сондай-ақ «Қауіпсіз жол» науқаны аясында жолаушылар мен жүктерді автокөліктермен тасымалдауды жүзеге асыруда жол қауіпсіздігін бақылауға ерекше назар аударылатын болады.
Қуан Нұрақын