Құс тұмауы еліміздің 5 бірдей облысына тарады. Өңірлердегі 26 ауданның 47 елді мекенінде үй құстарының қырылғаны анықталған. Жеке аулаларда өлген құстардың саны 13 мыңға жетіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі баспасөз мәслихатында хабарлады.
Гүлмира Исаеваның сөзінше, ауру жабайы құстардан ортақ су қоймалары арқылы тараған. Бүгінде індетпен күреске республикалық қордан 2 миллион 400 мың доза вакцина бөлініп отыр. Сондай-ақ аурудан шығынға батқан шаруа иелеріне мемлекеттен 400 млн теңге бөлінетін болды.
Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Эпизоотияға қарсы республикалық отряд қырылған құс үшін өтемақы төлейтін ресми ұйым саналады. Жыл бойы әкімдіктерде қырылған мал мен құстың нарықтағы құнын айқындап беретін арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Эпизоотияға қарсы республикалық отряд керекті материалдардың бәрін алып, құсы қырылған әрбір шаруа иесінің шотына өтемақы аударады. Егер құжаттардың бәрі дұрыс болса, өтемақы үш күннің ішінде түсуі керек.
Фариза Мұсақызы