Түркістан облысында 17 адамды бопсалаған қылмыстық топ мүшелері сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 17 адамды бопсалаған қылмыстық топ мүшелері сотталды

21.09.2020

Түркістан облысында 17 адамды блогерлер ретінде бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды. 4 адамнан құралған топ жарты жыл көлемінде жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарды тұрлі сылтаумен әлеуметтік желіге жария етеміз деп қорқытып, 2 млн теңгеден астам ақшаларын алған. Топ мүшелері жалған куәліктер мен есімхаттар жасап алып, жәбірленушілерге өздерін блогерлер мен журналистер және заңгерлер ретінде таныстырғаны анықталды. Қылмыскерлер Мақтаарал ауданындағы құрылыс алаңдарының біріне барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар сынап, құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап еткен. Ал, өткен жылдың күзінде жергілікті фирмалардың бірінің директорынан ай сайын 100 мың теңге төлем талап еткен. Он айға созылған тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыс жасағаны дәлелденді. Нәтижесінде облыстық сот айыптаушыларды 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Гүлжазира Ғалиқызы


Хабарламаларға жазылу