Соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі туған жеріне жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі туған жеріне жеткізілді

21.09.2020

Ресей Федерациясының Тверь облысы Бельский ауданында табылған қазақ жауынгерінің сүйегі жер қойнауына тапсырылды. Жыл басында іздеу жасақтарының бірі ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1897 жылы туған Әзікен Нұғұмановтың сүйегін тапқан еді. Оның 1942 жылы Ақмола облысының Степняк ауылынан әскер қатарына шақырылғаны анықталды. Ол осы уақытқа дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған.

Қайта жерлеу рәсіміне орай Көкшетауда «Ерлікке тағзым» атты іс-шара ұйымдастырылды. Мәңгілік алау алдында құрмет көрсетіліп, рухына тағзым етілді. Әзікен Нұғұмановтың туыстары табылмады. Ал оның сүйегі өзі әскерге шақырылған бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданында жерленді.

Ғосман Төлеғұл, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Өзінің кәдімгі тумасы, туған-туысқаны болмаса да, бүкіл мәселенің бәрін қазақ халқы көтеріп жатыр десек, артық айтқан болмас. Өйткені ол біздің қоғамның бір бөлшегі, яғни соны марапаттау, соны дәріптеу, соның абыройын асқақтату, ол тек қана туған-туыстарының міндеті емес. Бұл жалпы Қазақстан, қазақ қоғамының міндеті деп есептеймін.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу