Шымкент қаласында бір ғасыр жасаған әже пневмониядан жазылып шықты. Мұндай қуанышты сәт Қызтай Дүйсебекованың жасы дәл 100-ге толған туған күнімен сәйкес келді. Дәрігерлер науқастың туған күніне арнайы торт әзірлеп, сыйға тартты.
Кейуана осыдан екі апта бұрын провизорлық орталыққа ауыр халде жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Дәрігерлер компьютерлік томографияның көмегімен жұқпалы дерт әжейдің өкпе тінінің 55% зақымдағанын анықтаған. Оған қоса қарт кісіні асқазанындағы жарасы да мазалапты. Дәрігерлер науқасты бөлімшеге жатқызып, вирусқа қарсы терапиялық ем жүргізді. Соның нәтижесінде қарт ана сырқатынан толығымен құлан таза айығып шықты. Дәрігерлердің еңбегіне ризашылығын білдірген әже оларға аналық ақ батасын берді.
Қызтай Дүйсебекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бәле-жаладан, қауіп-қатерден Құдай аман сақтасын. Абырой берсін, дендеріңді сау қылып, өмір жастарың ұзақ болсын, Әумин!
Ғани Қалмахан