Аса ірі көлемде пара алғандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аса ірі көлемде пара алғандар ұсталды

18.09.2020

Елордада жалған жүргізуші куәлігін сатқандар қолға түсті. Олар тұрғындарды оқытпай, емтихан да тапсыртпай құжатты 80-120 мың теңге шамасында саудалаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай ақпарат таратып отыр. Күдіктілердің аз уақыт аралығында 2 мыңнан астам жүргізуші куәлігін сатқаны анықталды. Тінту кезінде 7 мектептің мөрі, 479 куәлік бланкісі мен адамдардың деректері толтырылмаған, дәрігерлердің қолы мен мөр қойылған жалған медициналық анықтамалар табылды. Тергеу жалғасуда.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының әкіміне қатысты тергеу амалдары басталды. Ол орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін жеке кәсіпкерден 1млн. 200 мың теңге сомасында пара алды деген күдікке ілініп отыр.  

Жамбыл облысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы да пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол өз орынбасарынан осы лауазымға тағайындағаны үшін 2 миллион теңге алған. Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотының судьясы да пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол жеке тұлғадан сот актісін оның пайдасына шығарғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Барлық істер бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу