Солтүстік Қазақстан облысында ауырған 269 адам құс тұмауын жұқтыруы мүмкін. Аймақтың санитарлық дәрігерлері осылай деп мәлімдеді. Өңірде құс тұмауы өршіп барады. Соңғы мәліметтер бойынша тағы екі ауданда ауру ошақтары анықталды. Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев аудандарының қатарына Айыртау мен Есіл ауданы қосылды. Күні кеше індет 10 ауылдан тіркелсе, бүгін облыс бойынша 23 елді мекенде құс қырылған.
Мамандардың айтуынша, 10 мыңнан астам үй құсы өлген. Бұған қоса, өзен көлдерде жабайы құстардың да өлекселері табылған, бірақ олар туралы әлі нақты ақпарат жоқ. Індеттің өршіп бара жатқанына қарамастан облыста әлі карантин енгізу туралы қаулы шыққан жоқ.
Александр Засыпкин, кәсіпкер:
- Ветеринарлар келді, анализ алды, антибиотик салыңдар, өлгендерін өртеңдер деді де кетті. Оны салдым, ештеңе көмектеспейді. Өртеу үшін қыруар соляра кетіп жатыр. Жұмысшыларды үйіне жіберіп, жалғыз жүрмін.
Сағындық Сәбитұлы