Елбасы Маңғыстаудың туристік әлеуетімен танысты

18.09.2020

Қазақстанда «екінші Анталия» салынып жатыр. Каспий жағасындағы кешенді жоспардың алғашқысы іске қосылды. Шетелдік ірі инвесторлар ауқымды жобаларды қолға алды. Бүгін Елбасы өңірге арнайы барып, Маңғыстаудың туристік әлеуетімен танысты.     

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

-Орталық Азиядағы «All inclusive» тұжырымы бойынша ең алғашқы 5 жұлдызды қонақ үй осы. Яғни, көрсетілетін қызмет түрлерінің бәрі қамтылған. Демалыс орны Маңғыстаудың ғана емес, тұтас елдің туризмін түлеткелі тұр. Ашылғанына 1 айдан сәл асса да 43 мың адамды қабылдап үлгерген. 

Бұл бастамасы ғана. Елбасы екі жыл бұрын жағажай туризмін дамытуға екпін беруді екшеп айтқан еді. Содан бері «сең қозғалды». Маңғыстау өңірі перспективті 10 үздік топқа енді. Аз уақыттта қарт Каспийдің жағасында көз тартар кешен бой көтерді.  

Гәкку Амангелдиева, турист: 

- Өте тамаша салынған. Орналасқан жері де жақсы. Қаланың сырты.

Демалыс орталығы облыс экономикасының қарқынына қарқын қосты. 600 адам еңбекке тартылды. Дені – жергілікті жұрт. Туризм дамыса, қызмет ету саласы да өрістейтіні анық. 140 шағын кәсіп иелері келісім жасасып, ісін жүргізіп отыр. Аумақтың әлеуеті әлі де артады. Шетелдік танымал инвесторлардың күшімен 130 гектар жерді түрлендіру көзделген. 5 жыл ішінде «екінші Анталия» болады деген батыл жоспар бар. 

Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

- Ақтаудан бастап Қарақияға дейін барлық жер болашақта туризм аумағына ауысады деген жоспар бар. Инвесторларға жасалып жатқан жеңілдік көп. Құрылыс кезінде 7 салықтан босатылады. 

Инвесторларды тартуға қолайлы жағдай қажет-ақ. Әйтпесе, әйгілі компаниялар оңайлықпен келмесі хақ. Яғни инфрақұрылымды жақсарту міндеті тұр. Жыл ішінде 17 млрд теңгеге көлік жолдары мен инженерлік желілер жаңартылды. Сондай-ақ келген турист шомылумен шектелмейді. Теңізден бөлек өңірдің өзіне тән ерекшеліктерін ескеру керек. «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай». Түбек тылсымға толы. Ғажайып жерлер жетерлік. Тарихи-мәдени 590 ескерткіш бар. Ерекше қорғалатын аумақтар да аз емес. Мың естігеннен бір көрген жақсы. Бірақ оған тиісті жағдай жасалмаған. Ендігі міндет – осы туризмді тұншықтырған түйткілдерді шешу. Эко және этнотуризмді түлету қолға алынбақ.  

Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы: 

- Қазір жергілікті 6 инвестор қызығушылық танытып отыр. Бозжыра шатқалы мен Сартас бағытына ерекше ден қойылады. Әрине, келген мейманды 10 күн бойы теңіздің жағасында ұстап тұру мүмкін емес. Ол үшін біз Түркия мен Араб елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, түрлі бағыттағы демалысқа жағдай жасаймыз. Визит орталықтар ашылады. Шыңдарға квадроциклмен серуендеу, джип-сафари қызметтері жақын уақытта қосылады.

Қазақстанның «теңіз қақпасына» жыл сайын 220 мың турист келеді. Бұл санды еселеп көбейтуге ауқымды жоба мүмкіндік береді. 25 жылға қарай жылына 750 мың турист келеді деген жоспар бар. Демек, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады.  Ал жалпы ел бойынша 1,7 трлн теңге болатын 150 инвест жоба жүзеге асып жатыр. Оның жартысынан көбі аяқталды. Жыл аяғына дейін тағы 28-і іске қосылады. Қазақстан – Орта Азияның туристік шаңырағына айналуы тиіс. Елбасы осыны ескертті. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу