Қара тізімге ілінгендер жағымсыз несие тарихын түзете алады

16.09.2020

Несие тарихыңыз бұзылып, халық тілімен айтсақ, қара тізімге еніп кеттіңіз бе? Енді оны қалпына келтіруге болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік есеп беру шарттары мен қағидаларын өзгертті. Енді ай сайынғы төлемді 90 күннен кешіктірген клиенттер банк ұсынған үш шарттың бірін орындаса жеткілікті. 

Банк секторында «қара тізім» деген ұғым жоқ. Тек олар несие тарихына қарай нашар немесе жағымды деп екіге бөледі. Мінекей сол нашар тізімнің құрығынан шыға алмай жүрген клиенттің бірі – сарыағаштық Камила Бахатова. 500 мың теңге несие алады. Уақытылы төлей алмағандықтан қарызы 1 млн 200 мыңға өседі. Осылайша 5 жыл зейнетақысымен қарызын жапқан қарт ана әлі күнге дейін кедергілерге тап келіп жүр. 

Камила Бахатова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Қара тізімге түскен соң өз төркініме, Өзбекстанға бара алмай қалдым. Әлі күнге дейін бара алмай жүрмін. Не себепті қара тізімнен алып тастамайды, түсінбеймін. Менің талабым халыққа жеңілдік беріңіздер. 

Несиені алуын алып, төлей алмай жүрген қазақстандықтар аз емес. 7 млн-дай тұрғын банктерге берешек. 2 млн-нан астамының несие тарихы бұзылған. Уақытылы төлемегендерден бөлек, қарызды тым көп алғандар, несиенің ұсақ-түйек тиынын ескермегендер, коммуналдық төлем мен салықты уақытылы төлемегендер де бар. Мінекей осының барлығы миллиондаған қазақстандықтың несие тарихына теріс ықпалын тигізді. 

Жангелді Шымшықов, экономист:

- 30 пайызға дейін былғанған несиелер болды. Ол экономикаға зиянын тигізді. Ал ақшаны жайдан-жай үлестіре салсаң, ертең не болады. Инфляция шарықтайды. Өнім жетіспей жатады. Ол экономиканың негізгі заңдылықтарға қайшы. 

Яғни, төленбеген қарызды кешіре салу мүмкін емес. Бірақ талап жеңілдеді. Бұрын қарызын 90 күннен асырып, төлемді кешіктіргендер несие тарихын өзгерте алмайтын. Биыл қаржы нарығын реттеу агенттігі мұны оңтайландырып, клиенттерге үш шарт ұсынып отыр.  

Айдынбек Сандыбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің басқарма бастығы:

 - Біріншіден, мерзімі 90 күннен асып кеткен берешек толық өтелгеннен кейін, бір жыл өткен жағдайда несие бойынша оңалтылған мәртебесі беріледі. Екіншіден, қарыз алушы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру сәтіне қарай берешек сомасының жартысынан астамын өтеп, сол сәттен бастап бір жыл аралығында 30 күннен асырмай өтеген жағдайда. Үшіншіден, мерзімі 90 күннен асып кеткен, берешекті өтегеннен кейін бір жыл аралығында қарызды 30 күннен асырмай өтеген жағдайда қарыз алушы оңалтылған мәртебесіне ие болады. 

Раушан Сайлауқызы, тілші: 

- Яғни, тарқатып айтар болсақ, сізде 500 мың теңге қарыз болды делік. Соны биыл толық жапсаңыз келері жылы осы уақытта статусыңыз оңалтылады. Екіншіден, жаңағы 500 мыңның 250 мыңын өтеп, несие шартын өзгерту арқылы бір жылдан соң несие тарихыңызды түзетуге болады. Үшіншіден 90 күн бойы төленбеген қарызды түгел өтеп, келер жылға дейін 12 айда төлемді кешіктірмесеңіз статусыңыз негативті тізімнен оңалтылған режимге ауысады. 

Осы шарттардың бірін орындаған жағдайда кредиттік бюро 15 күн ішінде несие тарихыңызды түзеуі тиіс. Кез-келген несие алушы кредиттік бюро арқылы өзінің несие тарихын көре алады. Бұл заңсыз несие алуға құмар алаяқтардың әрекетін дер кезінде анықтауға мүмкіндік. Ал жаңа талапқа сай жағымсыз несие тарихы түзелгенімен, түгел тазарады деген сөз емес. Ондағы мәліметтер сақталады. Соған сәйкес әр банк өзінің кредиттік саясатына қарай шешім қабылдайды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу