Damumed қосымшасына бұрмаланған мәліметтің басым бөлігі мемлекеттік емханалардан енген. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. Ведомство Медициналық сақтандыру қоры берген ақпаратқа сүйеніп отыр. Қор жүргізген ішкі тексерістің нәтижесінде мемлекеттік медициналық мекемелерде жарты жылдың өзінде бұрмаланған мәліметтер бойынша 10 411 оқиға анықталып отыр. Олардың жалпы сомасы - 19,7 млн теңге.
Ал жеке мекемелерде мұндай 1196 оқиға тіркелген, сомасы 5 млн теңгеден асады. Өңірлер бойынша «қара тізімді» Атырау облысы бастап тұр, 7 мыңнан астам оқиға анықталған. Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасы бойынша қазір бұл дау бойынша тексеріс жүріп жатыр. Оның қорытындысы шыққан бойы шара қолданылады. Айта кетейік, бұған дейін барлық бұрмаланған мәлімет енгізген емханаларға 75,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған еді.
Альбина Әшім