Алматыдағы аз қамтылған отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғылар орнатылуда

16.09.2020

Алматыда пеш пен жылу құралдарын дұрыс қолданбаудан биыл тұрғын үйлерде 220-дан астам өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6 процентке төмен. Дегенмен осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін мегаполис әкімі тиісті мекемелерге тапсырма берген. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Алматыда көгілдір отын жүргізілмеген 1900-ге жуық үй бар екен. Оның 3-тен бірі, яғни 600-ден астамы тұрмысы төмен отбасылардың баспаналары. Осыған орай, қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдік өкілдері қауіптің алдын алу үшін аталған үйлерге түгел тексеру жүргізіп, улы газды анықтайтын құрылғылар орнатуда. Жалпы, соңғы 3 жыл ішінде осындай 1181 құрылғы қондырылған. Бұдан бөлек, мамандар өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін көпшілікке әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуда. 

Арман Бәйгелов, қалалық ТЖД басшысының орынбасары: 

- Тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы 3722 жадынама таратылды. Бұрын орнатылған құрылғылардың техникалық қызмет көрсетуі тексерілді.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 

- Мамандар жылыту кезеңінде өрт оқиғаларын азайту мақсатында тұрғындарды қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, жылыту пештерінің маңына жанғыш материалдарды қоймауға, ақауы бар электр тоқтарын пайдаланбауға шақырып отыр. Сондай-ақ жылыту кезеңіне дейін ақауы бар пештерді жөндеп, түтін құбырларын күйеден тазартуға және жылыту пештерінің алдына кемінде 50 сантиметрге дейін арнайы металл орнатуға кеңес берді.

Хабарламаларға жазылу