Елордада бүгіннен бастап «Борышкер» акциясы басталды. Жедел алдын-алу шарасы әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарғандарды анықтауға бағытталған. Түсірілім қарсаңында бір ғана патрульдік топ 1 сағаттың ішінде сергек арқылы шамамен 3 көлікті анықтап, оның біреуін айыппұл тұрағына апарды. Белгілі болғандай, бұл жүргізуші екі рет жол ережесін бұзған. Бірақ, айыппұлды төлемегеніне 1 жылдан асыпты.
Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жол ережесін бұзған айыппұл саны 1 млн-нан асады. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандар, спирттік ішімдік ішіп, темекі тартқандар айыппұлды уақытылы төлемесе, мамандар осы рейд арқылы анықтап тиісті шара қолданбақ. Ал алиментті 3 ай кешіктірген азаматтар да жазадан оңай құтылмайды. Кезекті рейд қыркүйектің 29-ына дейін жалғасады.
Назгүл Абжамиова, жеке сот орындаушы:
- Өз уақытында алимент төлемегендер, берешегінен қашып жүргендер атында автокөлік болған жағдайда қаулы шығарып, Ішкі істер департаментіне жіберіп жатырмыз. Алимент берешегі бар болып, жол ережесін бұзғандардың көлігін айыппұл тұрағына әкелудеміз. Сондықтан алимент берешегі бар азаматтарды алимент төлеуге шақырамыз.
Раушан Сайлауқызы