Сенаторлар дәрі-дәрмек қорына бақылау жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенаторлар дәрі-дәрмек қорына бақылау жүргізді

15.09.2020

Елдегі дәрі сақтайтын қоймалардың көбінің жеке ғимараты жоқ. Салдарынан әкімшілік шығындарға жыл сайын 2 миллиард теңге жұмсалып жатыр. Өйткені, орындардың дені жалға алынады. Коронавирустың екінші толқыны алдында Сенат депутаттары елордадағы әлеуметтік нысандарға арнайы барып, дәрі-дәрмекпен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету шараларымен танысты. 

Артық шығындарды болдырмау үшін препараттарды сақтау мәселесін тез арада шешу керек. Алдағы Сенат отырысында осы мәселе талқыланбақ. Дәрі-дәрмектің 70 пайыздан астамы шетелден жеткізіледі. Ендігі меже - отандық өнімдерді көбейтіп, импортты ығыстыру. 

Қойма мәселесі болмаса, індеттің екінші толқынында препараттардың тапшылығы болмайды,-дейді мамандар. Бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері медициналық мекемелерге барып, емханалардың қажетті құрылғылармен жабдықталуын тексерді.  Бұл ретте, коронавируспен ауырған науқастарға антибиотиктер, қан сұйылтуға арналған және қызуды түсіретін препараттар тегін берілетін болды. Вирусты емдеуге қатысты жасалған соңғы протоколға осындай шаралар енгізіліп отыр.  

Әлия Рүстемова, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Күз келіп, күн суытып, көпшілік тұмаумен ауырады. Оның негізінде коронавирус та өрши түспек. Сондықтан барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Бастысы амбулаторлық ем-шаралардың сапасын, ондағы қауіпсіздікті күшейтсек. Сонда ауруханаларда қосымша төсек орын жабдықтау қажет болмайды.

Айта кетейік, елордада науқастарды Сovid-пен қабылдайтын 18 стационар ашылмақ. Бұған қоса, жергілікті бюджеттен 50 ИВЛ аппараты, 500 оттегі концентраты сатып алынған.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу