СҚО-ның Қызылжар ауданында үй құстары қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-ның Қызылжар ауданында үй құстары қырылып жатыр

15.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданында тауық, қаз-үйрек қырылып жатыр. Ветеринарлар 200 шақтысы ғана өлді дегенімен, жергілікті тұрғындар бір ауылдың өзінде 7000-нан астам үй құсы қырылып қалды деп дабыл қағуда. Сараптаманың нәтижесі әлі белгісіз болғандықтан Ресейдің шекаралас Омбы, Челәбі, Қорған, Түмен облыстарында өршіп тұрған құс тұмауы бізге де жетті ме деген қауіп басым. Бұған қоса, белгісіз кеселдің салдарынан зардап шеккен тұрғындар өтемақысыз қаламыз ба деп отыр.

Бұл - қаланың дәл іргесіндегі Якорь ауылы. Екі апта бұрын сап-сау жүрген құстар кенеттен қырыла бастаған. 1000-ға тарта қаз ұстайтын Жаңалық Салғарин алғашында түсінбей, аурудың себебін іздей бастаған. Бірақ, айналдырған 1 аптаның ішінде бірінен соң бірі түгел қырылып қалды. 

Жаңалық Салғарин, ауыл тұрғыны: 

- Нерв жүйесі зақымданған. Міне, түк көрмейді. Кешке таман қаз жатады. 1-2 сағаттан кейін ол өліп қалады. 

Якорь ауылының кей тұрғындары бірнеше жылдан бері үйрек-қаз өсіріп, қыста саудалауды әдетке айналдырған. Сондықтан, бұл кесел олардың кәсібіне үлкен соққы. Тіпті, күзде сойып жеуге аз-аздап ұстайтындар да азықсыз қалды. 

Назым Мусина, ауыл тұрғыны: 

- Биыл 50 қаз, 20 үйрегім болды, үйдің тауығын есептеп жатқан жоқпын, жайдан-жай өліп жатыр. 

Бұл Қызылжар ауданындағы бір ғана жағдай емес. Басқа елді мекендерде де үй құстары қырыла бастаған. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Ресеймен дәл шекарадағы Красный Яр ауылындағы ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде 6 мың құс болған. Осыдан екі апта бұрын біртіндеп қырыла бастаған. Қазір 1 мыңы ғана қалған. Оның 3 мыңын өртеп жіберген. 2 мыңын қидың астына көміп қойған. Өйткені, ветеринарлық басқарма өкілдеріне көрсетіп, дәлелдеп, акт жасатпақ. 

Нина Шабанова, Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарушысы: 

- 31 тамыз күні қырыла бастады. 5 мыңдайы кетті. Енді қиға көміп қойып, биліктегілердің келгенін күтіп отырмыз. 

Өлекседен сынама алынғанымен әлі қорытындысы жоқ. Қандай ауру, қалай емдеу керек екенін ешкім білмейді. Ал, ветеринарлар болса, қырылған құс көп емес деп айтқанынан танбай отыр. 

Қайырлы Қазанов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы: 

- Құстардың өлекселерін мен көрген жоқпын. Мүмкін болған шығар. 

Осыған дейін теріскейдегі үш ауданда 700-ге тарта үй құсының қырылғаны анықталған болатын. Олардың да сараптама нәтижесі әлі дайын емес. Ал, Қызылжар ауданы болса Ресеймен шекаралас. Сондықтан көрші мемлекетте өршіп тұрған құс тұмауы бізге жетті ме деген қауіп бар. Бұл мәселе байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері сараптама нәтижелері 2 күннен кейін белгілі болатынын айтады.


Хабарламаларға жазылу