Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 4,4%-ға қымбаттаған

15.09.2020

Елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасы жыл басынан бері 4,4 процентке қымбаттап кеткен. Әсіресе, қарақұмық, қант, сәбіз пен картоптың бағасы өскен. Сол үшін бүгін Үкіметте жұрт жиі тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды. 

Досжан Маратұлы, тілші:

- Бағаның өсуіне әдеттегідей тапшылық себеп. Өйткені елімізде қарақұмық, сәбіз бен картоп өсіретін егістік алқаптары азайған. Сәйкесінше жетіспеушіліктен баға да өсіп отыр. 

Десе де бүгін Үкіметте осы туралы баяндаған Сауда және интеграция министрі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Өйткені қазір тұрақтандыру қорларында азық-түліктің 16 түрі бойынша резерв бар. «Ол бұдан әрі қымбатшылыққа жол бермеу үшін жеткілікті», - дейді Бақыт Сұлтанов. Оның үстіне бағаны өсірмей ұстап тұру үшін түрлі шаралар қабылданып жатыр. 

Оның үстіне әлеуметтік 9 тауарға шеткі баға белгіленіп, құнды негізсіз шарықтатқан 200-ге жуық кәсіпкерге айыппұл салынған. Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуметтік тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. 

Сондай-ақ Үкіметте Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының іске асу барысы да талқыланды. Осы индустрияландырудың картасы аясында биыл шамамен бір триллион теңгеге 206 жобаны іске асыру көзделген. 

Хабарламаларға жазылу