Жамбыл облысында су айдындары тартылып, балық шаруашылықтары жапа шегуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында су айдындары тартылып, балық шаруашылықтары жапа шегуде

14.09.2020

Жамбыл облысында айдын көлдердегі балық қырылып қалудың алдында тұр. Өңірдегі төрт ауданға қарасты 20-дан астам көлге су келмей тартылып барады. Олардың жартысынан астамында балық қырылып қалған. Ал көлді жалға алушылар болса, жауапты мекеме суды басқа арналарға бұрып, бізге жетпей жатыр дегенді алға тартуда. 

Әбдімүтәліп Жәкенов 2016 жылдан бері Байзақ ауданына қарасты Дәуітбай көлін балық шаруашылығын дамыту үшін жалға алған. Мамандар балық өсіруге арналған он су айдынына бірнеше жылдан бері жарытып су келмейді деп отыр. Айтуларынша, жылда балықты көбейтуге жіберілген қаражат пен есіл еңбек желге ұшады.

Әбдімүтәліптің іргесіндегі тоғыз су қоймасында да жағдай осындай. Табаны құрғаған соң бұл жерлерді көбі жалға алудан бас тартқан. Ал, кейбірі су келеді деген үмітпен көшпей отыр.

Руслан Изделюпов, балық шаруашылығының жетекшісі: 

- Бізге тегін берілуі тиіс экологиялық суға жете алмай отырмыз. Басқа мақсаттағы шаруашылықтардың барлығына су барады да балық шаруашылықтарына су келмейді. Бізге қымбат бағаға сатқысы келеді. Салықты не үшін төлеп отырмыз?

Сан сауалмен сандалған шаруалар бассейндік инспекциясының алдына жиналды. Су айдындарына жауапты мекеме жетекшілігі болса,өзен-көлдер бізге қарамайды деп аң-таң. 

Балық шаруашылығымен айналысатындар су жайылым мен егістік алқаптарына бұрылып, кәсібімізді тұралатып тастады деп налиды.  

Сәбит Әлдебай, тілші: 

- Қазір Талас өзенінің табанындағы жеті бірдей көлде судың деңгейі төмен түсіп, көлдің табаны көрінген. Жақын арада су мәселесі шешілмесе, осындағы аз ғана балық қырылып қалуы мүмкін. 

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу