Қостанайда тұрғындар жатақхана құрылысына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда тұрғындар жатақхана құрылысына қарсы

14.09.2020

Қостанайда медицина колледжі жатақханасының құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Ғимараттың салынуына тұрғындар қарсы. Олар «жаңа нысан жанындағы көпқабатты үйдің ауласын тарылтатындықтан бізге жайсыз, әрі заңсыз» деп сотқа шағымданған. Сот - іс қаралып біткенше құрылысты тоқтату туралы шешім шығарып отыр. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 

- Дау тудырған жатақхана ғимараты осы. 250 адамға шақталған, аумағы 4,5 мың шаршы метр. Құрылысы мамыр айында басталған. Осы уақытқа дейін төрт қабаты салыныпты. Барлығы тоғыз қабат болуы тиіс. Бірақ қазір жұмыс тоқтап тұр. 

Тұрғындар бұл жерде құрылыс жүргізудің өзі қауіпті екенін айтады. Себебі жаңа нысан мен көпқабатты үйдің арасы тым жақын. 15 метр шамасында. Тоғыз қабатты жаңа ғимарат салынса балалар ойнайтын алаң да қалмайды, аула да тарылады. Мұның сыртында осы беттегі пәтерлердің терезесін көлегейлеп, күн түсірмейді.  

 Валерий Райферт, қала тұрғыны: 

- Біз мұның бәрі қаланың бас жоспарына қайшы деп есептейміз. Себебі бұл жерде тоғыз қабатты ғимарат салынуы тиіс емес. Мұның сыртында құрылысқа берілген жер телімінің көлемі қағазда көрсетілгенінен артық. Жоба бекітілерде заңға сәйкес тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмеді. 

Жатақхана құрылысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында басталған. Жоба құны - 656 млн теңге. 150 адам еңбек етіп жатыр. Қазір олар басқа нысандарға жіберіліпті. Тапсырыс беруші жақ «мұндай әлеуметтік маңызды жобаны дайындағанда ешқандай заңсыздыққа жол берілмейді» дейді. Тұрғындар талабы орынсыз деп есептейді. 

Берік Таңжарықов, «Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басшысы:

- Құрылысқа байланысты қағаздардың бәрі заңды. Жобалық-сметалық құжаты заңды түрде мемлекеттік сараптамадан өткен. 

Ал медицина колледжінің мамандары оқу орны жатақханаға аса мұқтаж екенін айтады. Қазір білім алып жатқан 1400 студенттің басым бөлігі пәтер жағалап жүр. 

Ләззәт Исмайлова, Қостанай жоғары медицина колледжінің бөлім меңгерушісі:  

- Биыл былтырға қарағанда 1-курсқа екі есе көп студент қабылданды. Олардың 60 проценті ауылдан келген. Биыл 9-сыныптан кейін 75 бала қабылдадық. Оларға жатақхана керек. 

Оқу орны жатақханаға аса мұқтаж болса да құрылыс тоқтады. Тұрғындар мен тапсырыс берушінің текетіресі енді сот үкімімен ғана түбегейлі шешілуі тиіс. 

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу