Алматының бас санитар дәрігері тұмау өршіген жағдайда шаһар тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Ал, емханалар коронавирустың екінші толқынына дайындықты бастап кетті. Соңғы тәулікте індет жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмесе де, мамандар карантин талаптарын барынша ұстануға шақырады.
Биыл жергілікті әкімдіктің қаражатына осал топтағы адамдарды тұмауға қарсы егу үшін 130 мың доза көлемінде Ресейден вакцина жеткізілді. Екпе 15 қыркүйектен бастап, қарашаның соңына дейін жалғасады. Бүгін онлайн брифинг өткізген қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин тұмау өршіген жағдайда тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері:
- Иммунитетті көтеретін ақуыз, витаминдерге және минералды заттарға бай тамақ өнімдерін қолдану қажет. Қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу керек.
Дегенмен, мамандар болуы ықтимал екінші толқынға да дайын болу керектігін айтып отыр. Сондай-ақ, дәрігерлер алдағы уақытта инфекцияның жаңа толқыны болуы мүмкін деген болжам жасауда. Бұл кезде әдеттегідей суық тию, бактериалды инфекция, тұмау мен пневмония аурулары белең алуы ықтимал. Пандемияға байланысты осы аралық қауіпті саналып отыр.
Сондай-ақ, бас санитар дәрігердің арнайы қаулысына сәйкес Алматының 3-4 сынып оқушылары енді мектепте оқи алады. Бұған ата-аналардан түскен өтініш себеп болған. Кезекшілік топтарда балалар саны 15-тен аспауы және санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс.
Қуан Нұрақын