Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында жаңадан салынған білім ошағында спорт алаңы жарамсыз күйде. Тағы бір ауылда 62 миллион теңге бөлініп жөнделген мектептің құрылысы да сапасыз. Осылай деген аудан тұрғындары шағымдарын әлеуметтік желіге жария қылған.
Ержан Жақып, тілші:
- Тұрғындар жаңадан салынған мектептің даладағы спорт алаңы талапқа сай еместігін айтып наразы. Мәселен балалардың жүретін жолдарына қиыршық тас төселсе, оның шеті жай ғана ағашпен жиектеле салған.
Жүгіру алаңы да оңып тұрған жоқ. Онда ағаштың ұнтағы мен қиыршық құмды араластырып жая салған. Ал теннис үстелдерін бетоннан құйып, құр нобайын келтіріп қойған. Енді мұғалімдер дене шынықтыру пәнін жаңа алаңда қалай өткізерін білмей дал.
Марат Қанағатов, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп директоры:
- Спорт алаңының жұмыстарына көңіліміз толмайды. Егер заманауи, талапқа сай болса әрине, жақсы болар еді.
Ақжар ауылындағы бұл мектепті салған мердігер мекеме басшысының айтуынша, құрылыста ешқандай қателік кетпеген.
Қанат Қалелов, мердігер мекеме бастығы:
- Құрылыс нормаларына сай екендігі барлық жобада көрсетілген. Сондықтан бұл жерде менің ойымша, ешқандай құрылыстың жобасының конструкциялық заңбұзушылықтар жоқ.
Аудандық білім бөлімінің мамандары құрылыс заң шеңберінде болғандықтан мердігер мекемеге талап қоя алмадық деп отыр.
Самал Дәуітбаева, Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің басшысы:
- Жобаға әртүрлі өзгерістер ене береді. Қазіргі көзқарас бойынша жасанды көгал болғаны дұрыс болар еді. Енді қосымша қаражат қарастырамыз. Қосымша есептеу керек. Мен нақты сомасын айта алмаймын.
1 миллиард 800 миллион теңге жұмсалған мектептің жылу жүйесі де дұрыс болмай шықты. Өткен қыста оқушылар мен ұстаздар дірдек қағып, тоңып жүрдік дейді. Ал Ойшілік ауылындағы ескі мектеп қыруар қаржы бөлініп жөнделсе де, өзгеріс жоқ дейді ауыл халқы. 62 миллион теңгеге үш жыл бұрын жөндеу жасалған. Алайда едені шұрық тесік, төбеден су сорғалайды, қыста сол күйі суық екен.
Сайра Аюпова, Ойшілік ауылының тұрғыны:
-Ремонттан ешқандай нәтиже жоқ. Мұнда қыста суық. Балаларымыз тоңып шығады. Олардың жуынатын жері де жоқ.
Енді ескі мектепті жамап-жасқау үшін биыл тағы бюджеттен 249 млн теңге бөлінді. Мұны естіген ауыл халқы тіптен ашулы. Ескіні жөндеп ақшаны шашқанша, жаңа мектеп салуды талап етеді. Ал Ақжар ауылындағы спорт алаңын талапқа сай ету үшін аудандық білім бөлімі мемлекеттен тағы қосымша қаржы сұрамақ.
Ержан Жақып