Науқас саны 30 мыңға жетсе карантин режимі қайта күшейеді
Егер коронавирус жұқтырған науқастар саны бір күнде 30 мыңға жетсе, елімізде карантин режимі қайта күшейеді. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов осылай деді. Қуанышқа орай қазір еліміздегі жағдай тұрақталып келеді. 4000-нан аса науқас стационарда және амбулаторияда ем алып жатыр. Вирус жұқтырғандардың 94 пайызы дертінен құлан таза айықты.
Жыл сайын қазаннан мамырға дейін 1 млн-ға жуық адам тұмауратады. Оның 64 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Күздегі қара суық қабаттасып, ауруды асқындырып жібере ме деген қорқыныш басым. Сондықтан министрлік өткеннен сабақ алып, қауіпті індетке қазірден қамданып жатыр. Қазақстандық ауруханалар бір мезетте қазір 70 мың науқасты қабылдауға дайын. Жансақтау бөлімінде 3 мың орын әзірленген. 8,2 млрд теңгеге 60 мың науқасты емдеуге жететін ең қажетті 44 түрлі дәрі сатып алынған. Жыл соңына дейін жедел-жәрдем станцияларына 1000-нан аса жаңа көлік беріледі.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Денсаулық сақтау министрлігі тас-түйін дайын. Бір күнде аяқ астынан 30-35 мың адам ауырып қалса, карантин режиім күшейеді. Қазір бұл көрсеткіш 4500-ге жуық.
Тұрғындар 15 қыркүйектен бастап екі ай ішінде емханаларға тіркелу қажет. Бұл пандемия уақытында медициналық көмекті уақытылы әрі тегін алуға мүмкіндік береді. Ал вирусқа қатысты мәліметтер енді бұрыңғыдай симптомды, симптомсыз деп бөлінбейді. Бұл деректерді шатастырмау үшін жасалып отыр. Ал тұмауға қарсы екпе егу биыл жылдағыдан екі апта бұрын басталмақ. Айтпақшы, бұл екпені медицина маманы ретінде дүйсенбі күні министр де салдырады.
Жұмабек Бекенов, Ұлттық денсаулық сақтау орталығының департамент директоры:
- Тәуекелді топ бар, ол мүгедектер, медицина қызметкерлері, екіқабат әйелдер, ауру балаларға 2 млн доза сатып алынды. Олар міндетті түрде жасалады. Өзінің есебінен аламын дегендерге ақылы тұрғыда ұйымдастырылады. Бағасы 2000-4000 аралығы.
Министрлік тестілеудің де мүмкіндігін арттырмақ. Қазір зертханалар бір күнде 40 мың тест жүргізуге қауқарлы. Жыл соңына дейін бұл сан 60 мыңнан асады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Бір қуантарлығы елімізде коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Дегенмен індетке ұқсас белгілер байқалса, ауруды асқындырмай, бірден жедел-жәрдем көмегіне жүгінген жөн. Әйтсе де, аурудың өршуі адамдардың өзіне байланысты. Сондықтан мейлінше санитарлық талаптарды сақтап, дұрыс тамақтанып, иммунитетті көтеруге күш салу керек.
Раушан Сайлауқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
