Ұлы Абайдың ескерткіші енді Румыния астанасы Бухаресте де бар. Хакімнің 175 жылдығына орай еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің қолдауымен Абайдың ескерткіші ашылды. Шараға Румынияның бұрынғы Президенті Эмиль Константинеско, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, дипломаттар мен осы мемлекеттегі қандастарымыз қатысты. Меймандар кемеңгердің ұлы мұрасы жайлы ой толғап, тұшымды пікірлерін ортаға салды.
«Абай - қазақ халқының ғана рухани көсемі емес, ол әлемдік деңгейдегі кемеңгер», - дейді Румынияның зиялы қауым өкілдері. Торқалы тойды бар қазақпен тойлауға ассықандары да содан. Қоладан құйылған Хакім мүсінінің авторы - Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, мүсінші Талғат Анарбеков. Ал астындағы мәрмәр тас - румындардың тойға тартуы.
Михай Фирика, Румыния мәдениет министрлігінің мемлекеттік хатшысы:
- Ұлы Абайдың ескерткішін ашу - қос ел халқының достығын күшейтіп, екі мәдениетті жақындастыра түсері анық. Абай мен румын ақыны Эминескудің шығармашылығы арқылы біздің қоғам мәдени құндылықтарды, мыңжылдық тарихи мұраларымызды қастерлейді деген сенімдемін.
Мигель Маури Буэндиа, Апостол нунциі Архиепископ:
- Қазақ халқы Абайымен, осындай ұлы тұлғасымен мақтануы тиіс. Оның өшпес мұрасы - Батыс пен Шығыс дәстүрін керемет ұштастырды. Абай армандаған болашағы зор мемлекетті халқы бүгінде қалыптастырды.
«Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтпайды», - дейді Антоанета Олтяну. Лингвист Абайдың қара сөздерін румын тіліне тәржімалағанына разы.
Антоанета Олтяну, Абайдың қара сөздерін румын тіліне аударған аудармашы:
- Абай - ұлы ақын, ұлы ойшыл, ұлы тұлға. Ең алғаш оның шығармасын оқығанда жан-дүнием дүр сілкінді. Әсіресе, жиынма бірінші қара сөзіндегі мақтаншақтық туралы айтқаны ғажап. Оның барлық сөзі, шығармасы құнды, бағалы. Мәңгілік мұра.
Абай мұрасын пір тұтатындар оның даналығы мен даралығы жайлы сағаттап айтудан жалықпайды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Ойшылдың ғибратты мұрасын жаһанға дәріптеу - ортақ парызымыз. Әлемдік деңгейдегі кемеңгерді ұлықтау арқылы қазақ пен румынның ынтымағы онан сайын бекемдей түсті. Қазақ халқына, Қазақстанға құрмет ретінде бүгіннен бастап ел билігі Хакім Абайдың ескерткіші тұрған мына саябаққа «Қазақстан» есімін берді. Қос тарап саябақты жақын күндері ресми түрде ашпақ.
Нұрсұлу Қасым