Президент СҚО-ға қоныс аударған азаматтармен кездесті
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына барды. Бұл аймақта да Президент күзгі орақ науқанымен танысып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ болған Чапаево ауылында «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оған сәйкес оңтүстік аймақтардан отбасылар көшіп келіп, жұмысқа орналасады.
Солтүстік Қазақстандағы астық алқабы 2 миллион гектардан асады. Осы күнге дейін егіннің 75 пайызы жиналды. Аграрлы аймақта техника мәселесі қашан да өзекті. Сондықтан облыс немістің «Claas» концернімен келісімге келіп отыр. Жыл соңында трактор мен комбайндар Петропавлда құрастырыла бастайды. Мұның арқасында диқандар неміс техникасын сырттағыдан екі есе арзанға ала алады. «Егін мерседесін» сынап үлгерген шаруалар бұл жаңалыққа дән риза.
Мемлекет ұсынып отырған тиімді жобалар аз емес. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы». Алайда Президент бұл бағдарламаның тетіктері әлі де толық жұмыс істемей жатқанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Үкіметті баяу басталғаны үшін сынап едім. Сынның әсері болар: қазір өңір басшыларымен байланыстан соң бұл бағдарламаның қарқын ала бастағанын байқап жүрмін. Бастысы, іс жүзінде нәтиже бар. Бұл облысқа 35 миллиард теңге бөлінген. Бір қарағанда, азғантай сома сияқты, алайда бастапқы міндеттерді орындау үшін жеткілікті деп ойлаймын.
Альбина Әшім, тілші:
- Түскейден теріскейге. Арнайы бағдарлама бойынша Чапаево ауылына былтыр он екі отбасы көшіп келсе, жалпы, Қызылжар ауданына 30 отбасы қоныс аударған. Ал биыл тағы 50-ге жуық отбасыны қарсы алуға дайындалып жатыр. Түскейліктерді жылы қарсы алу үшін теріскейде осындай жаңа үйлер салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы осы бірегей бағдарлама бойынша оңтүстіктен көшіп келген отбасылармен жүздесті. Былтыр солтүстікке 700-ден астамы қоныс аударса, биыл тағы жеті жүзі қамданып отыр. Оспановтар былтыр Арыс қаласынан көшіп келіп, бір жылда орнығып алды. Алты баласының үлкендері университетке грантқа түссе, кішілері ауыл мектебінде оқып жүр. Отағасы осы жердегі сүт фермасына жұмысқа орналасқан.
Дүйсенбі Оспанов, Чапаево ауылының тұрғыны:
- Халқы жақсы, содан сіңісіп кеттік.
«Еңбек» бағдарламасының басты міндеті - теріскейге көшіп келгендерді жұмыспен қамту. Ал жаңадан салынған үйлер бес жылдық мерзімге жалға беріледі. Ай сайын 11500 теңге. Кейін өз атына аударып алады. Тың жоба ауылдардағы құрылысты жандандырып, тынысын кеңейтті. Тіпті, батыс көрсе де ауыл-аймаққа қайтып келгендер де бар.
Дегенмен, түйткіл де аз емес. Президент ауылдарда ауыз су мәселесінің шешілмеуі жергілікті билікке сын, - деді.
Ауылдағы тағы бір өзекті мәселе: әкімдіктердің бюджетін ұлғайту. Президент әр ауылды аралай алмайды. Араламауы да тиіс. Орталық билік пен Үкімет елді мекендердің тиісті қаражатпен қамтуға жауап беруі тиіс. Ал жерігілікті мәселені жергілікті биліктің өзі уақытында шешіп тұруы абзал. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тұрғындары өздері сайласа, әр сауалдың сұрауын да сұрай алады.
Өңірдегі жаңа әрі тың жобалардың бірі – фанер шығаратын зауыт. Бизнеске ақша құйған түрік инвесторы ақ қайыңдар өлкесінің әлеуетін ұтымды пайдаланбақ. Жылына он сегіз мың текше метр өнім шығаруға мүдделі. Оның жартысы ішкі нарықты қамтыса, қалғаны сыртқа шығарылмақ. Бұдан бөлек биоэтанол цехі, қалайы, вольфрам өндіретін кешендер салу жоспарда бар.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібінде өнімнің көлемін бес жылда 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Біздің облысымызда 50 инвест жоба, құны 257 млрд теңге. Біразы басталып кетті. Соның нәтижесінде біз өңдеу өнеркәсібіндегі шығарған өнім көлемін бес жылда екі есе көтере аламыз.
Осылайша, Солтүстік Қазақстан нан мен малдың ғана аймағы деген таптаурыннан да құтылмақшы.
Альбина Әшім
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
