Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің тыныс-тірлігімен, күзгі орақ науқанымен танысып шықты. Теріскейде сәтті жүзеге асып келе жатқан тың жоба - «Еңбек» бағдарламасы бойынша түстіктен қоныс аударған отбасылармен де жүздесті.
Альбина Әшім, тілші:
- Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстанда егіннің 75 пайызы орылды. Әр гектардан шамамен 15 центнерден. Мемлекет басшысы орақ науқанының барысымен танысу үшін қызылжар ауданындағы шаруашылықтардың біріне барды. Мұнда биыл бидай бітік шықты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылының тұрғындарымен жүздесті. Бұл елді мекенге былтыр 12 отбасы оңтүстіктен «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп келіп, тұрақтап, тұрмысын түзеп алған. Жалпы, тың жоба аясында былтыр облысқа түстіктен 736 отбасы көшіп келсе, осы жылдың соңына дейін тағы 700-і қоныс аудармақшы. Оңтүстіктен көшіп келген отбасыларға бес жылдық мерзіммен жалға үй беріледі. Кейін оны жекешелендіріп алуға болады. Сондай-ақ жұмыспен қамтылып, әр отбасы мүшесіне ақшалай бірреттік жәрдемақы беріледі.