ШҚО-да 700-ден астам көпбалалы ананың баспана мәселесін шешу көзделген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да 700-ден астам көпбалалы ананың баспана мәселесін шешу көзделген

09.09.2020

Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасылар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашып, өңірдегі бизнестің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Жалпы, аймақта көпбалалы аналарды қолдау бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. 

Арна Кеңесбекқызының тігін цехында жұмыс қызу. Ол осы кәсіптен өзі ғана нәсіп таппай, өзге де көпбалалы аналарды еңбекпен қамтып отыр. Мемлекеттің қаржылай қолдауы бизнесін дамытуға көп септігін тигізген.  

Арна Наурызова, көпбалалы ана: 

 - Бұл грант мемлекеттен беріліп отырған көмек. Тапсырыстар бар, қыз жасауын тігеміз. Өскеменде мақта көрпе тігетін орын жоқ еді, соны біз енді тігеміз. 

Облыста 25 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оларға мемлекет тарапынан бірнеше бағытта әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Жасұлан Сәрсебаев, ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

 - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқасында көмек көрсетіліп жатыр. Біріншіден, бұл несие беру. Екі жыл ішінде 169 отбасы жалпы сомасы 639 млн теңге несие алған.  

Биыл Шығыс Қазақстанда 271 көпбалалы ана баспаналы болды. Бастапқы жарналары жоқтары да елеусіз қалмады. 88-і тұрғын үй сертификатын иеленді. Төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека рәсімдеп, баспаналы болғандардың бірі – Гаухар Ермекова.

 Гаухар Ермекова, көпбалалы ана:  

- Ипотекаға 3 бөлмелі пәтер алдық. Өзіміздің жиған-терген кішкене ақшамызға жиһаздар алдық. 

 Облыс әкімнің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін тағы 700-ден астам көпбалалы ананың баспана мәселесін біржола шешу көзделген.



Берік Көшербай                                                          

Хабарламаларға жазылу