Онлайн оқытудың машақаты бітпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн оқытудың машақаты бітпей тұр

09.09.2020

«Қалада тұрсақ та, интернет ұстамайды». Бұл Алматы тұрғындарының жанайқайы. Оқу жылы басталғалы балалар сабақ оқудан қалған. Мұғалім жіберген тапсырмалар ашылмайды. Себебі, ғаламтор жылдамдығы тым баяу. 

38 жыл ұстаздық өтілі бар Тұрсынай Мұраталиева жаңа оқу жылы басталғалы әбден әбігерге түскенін айтады. Өзінің және мектеп қабырғасындағы екі немересінің сабаққа дайындалуына интернет жылдамдығы кедергі.

Тұрсынай Мұраталиева, қала тұрғыны:

- Балалар платформалардан жіберілген сілтемелерді аша алмайды. Осылайша, уақытысында сабаққа кіре алмайды. 

Ата-аналар осы мәселені айтып әкімдікке де, «Қазақтелеком» байланыс операторына да бірнеше рет хат жазған. Алайда үш айдан асса да, құрғақ уәдемен уақытты созып келеді, - дейді. Соның кесірінен балалардың оқу үлгерімі төмендеп барады деп алаңдаулы. Оған қоса 3-4 мыңнан бастап 16-17 мың теңгеге дейін жететін ай сайынғы ұялы байланыс ақысы тағы бар.

Ғалия Мұсахожанова, қала тұрғыны: 

- Осында тұратын тұрғындардың бәрі көпбалалы аналар, мүгедектер. Интернет жылдамдығына қатысты қиындық көріп отырмыз. 

Әкімдік өкілдері жақын күндері ата-аналардың өтінішін қарап, мәселені жылдам шешуге уәде берді. 

Мирас Нысанәлиев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:

 - Ертең ата-аналарды жинаймыз. Мәселені шешуге тырысамыз.

Қуан Нұрақын, тілші: 

- Жаңа оқу жылының басталып кеткенін ескерсек, қала бойынша интернет желісі баяу елді мекендер әлі де бар. Олардың дені Алматы аумағына кейіннен қосылғандар. Шаћар шенеуніктері бұл олқылықтар жақын күндері түбегейлі шешіледі деп отыр.  


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу