Абай облысында су қоймасының құрылысы бітпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында су қоймасының құрылысы бітпей тұр

11.04.2023

Абай облысындағы Шар су қоймасында екі жыл ішінде аяқталуы тиіс жаңғырту жұмыстары жеті жылға бірақ созылған. Салдарынан шаруалардың суармалы жерлері бірнеше жылдан бері құрғап жатыр. Бұрынғы егістік алқаптары амалсыздан жайылымға айналған. Мемлекеттің бөлген қомақты қаржысын игеруі тиіс мердігерлер бірнен кейін бір ауысып, ақыры әлі күнге нәтиже жоқ.

Ержан Жақып, тілші:

Шар су қоймасы Кеңес Одағы кезінде ең ірі екінші гидрологиялық нысан болып саналған. Бұл жерде 80 миллион текше метрге дейін су жиналған. Ал 7 жыл бұрын басталған жаңғырту жұмыстарының шалағай атқарылғандығынан ол толыққанды жұмыс істей алмай тұр.
Кезінде балығы тулап, қаз-үйрегі шулап жататын Шарда қазір 15 миллион текше метр ғана су жиналады. Ол өңірдегі егістік пен суармалы алқаптарға жеткіліксіз. Әуремдеп әрең істеп тұрған екі арнаның бойында орналасқан 10-ға жуық шаруашылық қана аздап су алады. Қалған 50-нің алқаптары кеуіп жатыр.

Азамат Әбдірахманов, Шаруа қожалығының жетекшісі:

Қиындығын көріп жүр. Халық көріп жүр. Малдары бар. Шөбін шабайын десе, шөп жоқ. Суғарайын десе су жетпейді. Енді не істейді. Бұрыннан келе жатқан қожалықтар бар. Каналға су жіберуін үмітпен тосып жүр.
2016 жылы тозып тұрған су қоймасын жөндеу үшін мемлекеттен 1 милларад 600 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бөген мен оның арналарын жаңарту жоспаланған. Бірақ құрылысы сағызша созылды. Ал аудандық әкімшілік мәселені білгенмен оны реттеуге құзыретіміз жетпейді-дейді.

Берік Сәмижанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:

1832 гектар егістік алқабы бар. 7-8 мың гектар шабындық жерлер бар. Сол жерлердің барлығы бірнеше жыл болды сусыз қалды. Республикалық теңгерімде болғандықтан қаражаттың бәрі республикадан, ауданнан тыс келіп жұмсалды да біз оған аудан тарапынан кірісе алмадық.
Шар су қоймасына жауапты «ҚазСуШар» мекемесі осыған дейін жұмысын шала атқарған екі мердігерді сотқа берген.

Шерәлі Елшібаев, Шар су қоймасының учаске басшысы:

Бұл жерде 2-3 мердігер жұмыс істеді. Ауысты. Қазіргі таңда үш-төрт жұмысы қалды бітуіне. Сол жұмысты тендерге беріп қойдық. Ұтып алған мердігер компаниялар бар. Сөздері бойынша биыл бітіріп, келесі жылы іске қосамыз.
Су қомасы іске қосылғанның өзінде өңір халқы оны толыққанды пайдалана алмайтын сыңайлы. Өйткені бөгенмен қатар ондағы екі арнаны ғана жөндеу жоспарланған. Одан бөлек 40 мың гектарға жуық алқапқа су жіберетін 8 арна жарамсыз күйде. Оны реттеу үшін жергілікті әкімшілік тағы қосымша қаржы қажет-деп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу