Басты Жаңалықтар Темір-терсек қабылдап, ақысына арақ береді: Өскемендік кәсіпкердің бизнесінен жергілікті тұрғындар зардап шегіп отыр

Темір-терсек қабылдап, ақысына арақ береді: Өскемендік кәсіпкердің бизнесінен жергілікті тұрғындар зардап шегіп отыр

Өскеменде темір-терсек қабылдап, ақысына арақ беріп отырған кәсіпкерден бір ықшам аудан халқы зардап шегіп отыр. Ал ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Себебі тапқан темірін тапсырып, орнына арақ алу үшін сол жерге Өскемендегі үй-күйі жоқ кезбелер көп жиналады. Жер үйінің ауласында жинаған темір-терсекті кәсіпкер әрі қарай тапсырып отырады. Есесіне төңіректегі көршілердің берекесі қашқан. 

Елжан Байтуманов, қала тұрғыны:

- Күнде тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар темір апара жатады. Спирт алып, ішеді. Кәсіпкерге кіріп жолығып едім, 2008 жылдан бері істеп келе жатырмын, мені ешкім жаба алмайды деп айтты.

Ішімдікке әуес адамдар мұнда тәулік бойы темір тасиды. Маңайдағы ата-аналар болса балаларының қауіпсіздігі үшін қорқады. Тіпті көшедегі араққа тойған мас адамның рұқсатсыз үйге де кіріп кеткен кездері болған. 

Айжан Сәкібекова, көпбалалы ана: 

- Балаларымды кіріп қорқытты. Есік-терезеге тоқылдатып, ауланы аралап, бірдеме іздеп жүрген.

Көрші-қолаңның тілек-талабын елемеген азамат ескі металл жинаумен бірнеше жылдан бері айналысатынын растап отыр. Бірақ арақпен есеп айырысатынын мойындамады. 

Мейірбек Әбділмәжінов, кәсіпкер:

- Жан-жақтан хабарласады, ауылдарға тасимын. Енді жан бағу керек.

Металл сынықтарын қабылдап, алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін полиция былтыр да, биыл да оған айыппұл салған. Енді заңсыз кәсіпті мүлде тоқтатуға тырысамыз деп уәде берді. 

Елдос Оразалин, қалалық полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары:

- Сот шешімі шықсын. Үйдің иесімен сөйлесеміз, кәсібін жаптыруға тырысамыз.

10 күн бұрын ғана Алтай ауданында психикалық ауытқуы бар мас жігіт 7 жастағы ұлды өлтіріп кетті. Осы оқиғадан кейін ата-аналар балаларын көшеге шығаруға мүлде қорқып қалған.

Берік Көшербай

Бөлісу