«Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясымен бірікпейтін болды. Бұл туралы бүгін партияның кезектен тыс өткен XVII съезінде айтылды. Биыл көктемде «Бірлік» партиясы «Ауыл» партиясына қосылуға ұсыныс жасаған. Алайда бұл мәселені жан-жақты зерттеген жұмыс тобы бірігудің қажеті жоқ деген ұсыныс тастады. Зерттеудің нәтижесін көрген съез делегаттары да осыған келісті. Жиынға оффлайн және онлайн түрде қатысқан 81 делегаттың 72-сі осы шешімді қолдап дауыс берді.
Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:
- «Бірлік» партиясын қаралаудан аулақпыз. Бірақ, саяси белсенділігі төмен. Екіншіден, «Бірлік» партиясының кадрлық потенциялы да онша жоғары емес. Дегенмен, «Ауыл» партиясының өзіндік жолы, бағдарламасы бар. Ең негізгі мақсат - парламенттік партия болу.
Съезде партияның саяси кеңесінің құрамы да өзгерді. Бұрын 23 адам еді, 29-ға өсті. Ал, саяси кеңес президиумының көлемі 9-дан 11-ге ұлғайтылды. Өйткені, партияның құрамы да жыл санап өсіп келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда 47 мың адам қосылып, мүшелерінің жалпы саны 298 мыңға жеткен. Ал, оларды біріктіретін негізгі фактор - ауылдың инфрақұрылымын жетілдіру. Соңғы 10 жылда 1500-ға жуық ауыл қысқарып кеткен. Әсіресе, шекараның бойындағы ауылдар азайып барады. «Сол себепті ауыл шаруашылығын қолдау арқылы шалғайдағы мекендерге көңіл бөлу қажет», - дейді партия өкілдері. Әсіресе, майда шаруашылықтарға мемлекеттік қолдауды көбейтіп, кооперацияларды дамыту мақсаты тұр.
Амангелді Сейітхан