Елордада тұмауға қарсы екпе егу басталды. Денсаулық сақтау басқармасы вакцинациялау үшін 110 мыңнан астам доза вакцина сатып алған. Бірақ, екпені халықтың бәрі емес, белгілі бір санаты алады.
Маржан – медицина маманы. Тұмауға қарсы екпені жыл сайын алады. Маусымдық шараны назардан тыс қалдырған емес. Соның нәтижесінде инфекциялық аурулардың жеңіл өтетін айтады.
Маржан Алтыбаева, елорда тұрғыны:
- Мүлдем ауырмаймын деп айта алмаймын. Бірақ, жеңіл өткіземін. Егер басқа инфекция келіп жатса, оны жеңіл түрде өткізуге септігін тигізеді деп ойлаймын.
Тегін вакцина жұртқа жаппай салынбайды. Белгілі санаты бар. Ол тізімде созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар, медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттар үйінің қариялары, мүмкіндігі шектеулі жандар созылмалы аурулары бар адамдар және 60 жастан асқан қарт адамдарға жүргізіледі.
Азамат Байбалаев, Нұр-Сұлтан қаласы №6 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:
- Қарсы көрсетілімдер болса бұл екпе салынбайды. Вакцинаның құрамындағы затқа аллергиясы болса, температура, жөтел болса, созылмалы ауруы асқынып жүрген науқастарға екпе салдыруға болмайды.
Сырқаттар сауыққаннан кейін немесе созылмалы аурудан айыққаннан соң екпе салдыруына болады. Қазіргідей қауіп сейілмеген сәтте денсаулықты нашарлатып алмау үшін мамандар екпені уақытылы қабылдау керектігін айтады. Ал сарапшылар үш аптадан соң коронавирус қайтадан өршуі мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды. Сол себепті, мамандардың маңызды нұсқауларын орындап, профилактикалық шараларды ескерген жөн.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Алдын ала мәліметке сай, еліміз бойынша 2 млн-нан астам екпе сатып алынған. Бұл қазақстандықтардың 11 пайызын қамтуға жетікілікті деп отыр мамандар. Жоспарлы науқан биыл жылдағыдан екі апта ерте басталды. Ондағы мақсат - вирус өршіген кезеңде иммунитет қалыптастыру үшін жасалып отыр.
Раушан Сайлауқызы