Сәулеті мен дәулеті келіскен Ақжар ауылы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәулеті мен дәулеті келіскен Ақжар ауылы

08.09.2020

Бүгінде Сыр өңірінде сәулеті мен берекелі тірлігі жарасқан елді мекендер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі - Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылы. 

Нұргүл Әбішова он саусағынан өнер тамған ісмер. Үйде отырып-ақ түрлі киімдер тігіп келген ол таяуда кәсібін өрістетіп, тігін цехын ашты. «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несиеге ие болып, шағын орталықта қызу тірлікке кірісіп кетті.

Нұргүл Әбішова, тігінші: 

- Қазіргі таңда жұмысшыларға, күріш егіншілеріне арнайы киімдер тігіп жатырмыз. 

Нұргүл секілді Ақжар ауылындағы бірнеше азамат қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, кәсібін өрістетуде. Осыған дейін көпшілік кондитер, нан өнімдерін аудан, облыс орталығынан алып келетін. Енді мемлекет қолдауы нәтижесінде шағын кондитерлік орталық ашылды. Жалпы берекелі ауылда тату тірліктің лебі бірден байқалады.

 Нұржамал Тұрсынбаева, ауыл әкімі:  

- Біздің алдағы жоспарларымыз - төрт шақырымдай жерді жасыл желекке айналдыру. 

Кәсіпкерлік саласы өріс алған елді мекеннің биыл егіні де бітік шықты. Ауыл еңбеккерлері егіске су тапшы болғанына қарамастан, қиындықты бірге еңсеріп, қырманды астыққа толтырмақ.

Жомарт Жалғасбаев – «ОРАЗ АХУН ЛТД» ЖШС төрағасы:

 - Судың тапшылығын көріп 2 СМП-500 деген сорғыш құрдық. Осылайша, судың тапшылығын жеңдік деп есептейміз. Биылғы жылы өніміміз жаман емес. 

Енді диқандар күріш алқаптарын жауын-шашынға қалдырмай жинап алса, ауылдағы ағайынның берекесі еселеп артпақ. 

Елжас Қайырбекұлы


Хабарламаларға жазылу