Сол жағалауда бос жатқан жер тұрғындар мен құрылыс компаниясының дауына айналды.
«Әкімдік ат шаптырым жерге көп қабатты тұрғын үй кешенін жобалауға рұқсат берген. Алайда құрылыс жүргізуге мердігердің рұқсаты да, лицензиясы жоқ», - дейді тұрғындар. Белсенді топ қала басшылығынан бұл жерде оқушылар сарайы мен саябақ салуды сұраған. Алайда тұрғындардың өтініші қабылданбапты. Аталған жер телімі айналасында тартыс 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы басталған тұрғын үй құрылысына қарсы беттегі «Нұр-Астана» мешітін көлеңкелейді деген себеппен тыйым салынған көрінеді. Құрылыс тоқтатылсын деген талаппен жиналған тұрғындардың алдына әкімдік өкілдері келмеді.
Марат Жарқынбаев, қала тұрғыны:
- «Таймас» деген жобалаушы компанияның екінші санатты құрылыс лицензиясы ғана бар. Алайда құрылыс комитеті, қалалық сәулет басқармасы, мемлекеттік сараптама мемлекеттік мекемесі оның жобасын қабылдайды. Бұл өрескел заң бұзу болып есептеледі. Ол үшін қылмыстық жаза бар.
Азамат Алдоңғар